8  Дискретті кездейсоқ айнымалылар

Кездейсоқ айнымалылар

Енді ықтималдық теориясының негізгі ұғымдарынан күнделікті өмірде кездесетін мысалдарға көшейік. Алдымен мына сұраққа жауап берейік: дискретті дегеніміз бүтін деген ұғыммен бірдей ме? Дискретті кездейсоқ шамалар көбіне бүтін сандармен сипатталатындықтан, бұл екі ұғымды тең деп қабылдау оңай. Алайда олардың айырмашылығы бар. Дискретті кездейсоқ айнымалы — қабылдай алатын мәндері жеке-жеке орналасқан шама. Басқаша айтқанда, оның кейбір мәндерді қабылдауы мүмкін емес. Бірінші тараудағы аяқкиім өлшемі туралы мысалды еске түсірейік. Өлшемдер бөлшек сандармен де беріледі: 37,5; 38; 38,5 және т.б. Бірақ олар тек белгілі бір қадаммен өзгереді. Бұл мысалда қадам 0,5-ке тең. Сондықтан 37,85 сияқты өлшем болмайды. Демек, рұқсат етілген мәндердің арасында қабылданбайтын мәндер бар. Осындай шама дискретті деп аталады. Ал үздіксіз кездейсоқ айнымалы белгілі бір аралықтағы кез келген мәнді қабылдай алады. Оның мүмкін мәндері үзілмейді (infinite precision): кез келген екі нақты санның арасында тағы бір нақты сан табылады. Сондықтан үздіксіз айнымалының дәлдігіне теориялық тұрғыдан шек қойылмайды.

Әзірге формалды анықтама қажет емес, бейресми түсініктің өзі жеткілікті. Кездейсоқ тәжірибенің нәтижесі сан түрінде берілсін деп елестетіңіз. Егер бұл айнымалы қабылдай алатын мәндердің арасында басқа мәндерді қабылдай алмайтын аралықтар болса, онда — мұндай мәндер саны шексіз болса да — ол дискретті кездейсоқ айнымалы болып саналады.

Мысал ретінде студенттер тобын алайық. Топтан бір студентті кездейсоқ таңдап, оның бойын жазып аламыз. Бұл — кездейсоқ айнымалы. Сол сияқты оның салмағын да тіркеуге болады, ол да кездейсоқ айнымалы. Мұнда назар аударатын нәрсе — бір ғана кездейсоқ әрекеттен, яғни студентті таңдаудан, әртүрлі кездейсоқ айнымалыларды алуға болады. Егер сәл ресми түрде айтсақ, кездейсоқ айнымалы — кездейсоқ тәжірибенің әрбір мүмкін нәтижесіне белгілі бір санды сәйкестендіретін функция. Алайда практикалық тұрғыдан мұны қарапайымырақ түсінуге болады: кездейсоқ айнымалы — кездейсоқ эксперименттің нәтижесін санмен сипаттаудың тәсілі.

  • Студенттер тобын қарастырайық. Ыңғайлы болу үшін әр студентті әріптермен белгілейік: \(\Omega = \{a, b, c, ..\}\)
  • Топтағы студенттердің бірін кездейсоқ таңдап, оның бойын өлшеу нәтижесін қарастырайық.
  • Мысалы, кездейсоқ таңдау нәтижесінде \(a\) студенті таңдалсын. Оның бойы \(h_a = 182\) (см) болсын.
  • Келесі жолы таңдау \(c\) студентіне түсуі мүмкін. Бұл жағдайда оның бойы\(h_c = 150\) болады.
  • Әрбір студенттің бойы — белгілі бір сан, оны \(h\) деп белгілейік. Ал кездейсоқ таңдалған студенттің бойы — кездейсоқ айнымалы, оны \(H\) арқылы белгілейміз.

Былай жазуға болады:

  • \(H\) - мәні кездейсоқ таңдаудың нәтижесі белгілі болғаннан кейін анықталатын кездейсоқ айнымалы. Біздің мысалда бұл нәтиже — таңдалған студент.
  • Демек, \(H\) кездейсоқ оқиғаның әрбір мүмкін нәтижесіне белгілі бір сандық мәнді сәйкестендіреді: \(H: \Omega \rightarrow H(\omega) = h\)
  • Кездейсоқ айнымалы кездейсоқ оқиғаның нәтижесін сандық мәнмен сипаттайды.

Ықтималдық функциясы (Probability mass function, PMF)

Енді дискретті кездейсоқ айнымалы берілді және ол дискретті мәндер қабылдайды деп алайық (оңай болу үшін оларды бүтін сандар деп есептейік). Енді осы мәндердің қайсысы жиірек, ал қайсысы сирек кездесетінін білгіміз келеді. Осы сұраққа жауап бере бастаған сәттен-ақ біз ықтималдық үлестірімін анықтаймыз. Яғни әрбір мүмкін мәнге қандай ықтималдық берілетінін көрсетуіміз керек: кейбір мәндердің ықтималдығы жоғары, ал кейбірінікі төмен болады. Ең қарапайым жағдайда ықтималдық үлестірімі әрбір мүмкін мәннің ықтималдығын жеке-жеке көрсету арқылы беріледі.

Кездейсоқ айнымаларды пайдаланған кезде, олардың мүмкін мәндеріне ықтималдықтарды қалай тағайындайтынымызды сипаттайтын ереже қажет. Дискретті кездейсоқ айнымалылар үшін мұндай ереже PMF (Probability Mass Function) деп аталады. PMF — дискретті кездейсоқ айнымалының әрбір мүмкін мәніне сәйкес келетін ықтималдықты көрсететін функция. Кездейсоқ айнымалының әрбір мүмкін мәніне белгілі бір ереже бойынша ықтималдық тағайындасақ, сол арқылы PMF анықталады. Бұл ереженің қалай құрылғаны маңызды емес. Маңыздысы — функция әрбір мүмкін мәнге белгілі бір ықтималдықты сәйкестендіреді.

PMF-тің өте қарапайым бір қасиеті бар. Кездейсоқ айнымалының барлық мүмкін мәндеріне тағайындалған ықтималдықтарды қосқанда, олардың қосындысы міндетті түрде бірге тең болуы керек. Бұл заңды құбылыс: бастапқыда бізде жалпы ықтималдықтың толық мөлшері, яғни 1 бар. Сол бірлікті барлық мүмкін мәндердің арасында бөліп таратамыз. Сондықтан барлық ықтималдықтарды қайтадан қоссақ, нәтижесінде тағы да 1 шығуы тиіс. Тағы бір маңызды қағида бар: белгілі бір мәннің ықтималдығы неғұрлым жоғары болса, кездейсоқ шаманы көп рет бақылаған сайын сол мән соғұрлым жиі кездеседі.

Қарапайым мысал. Алты қырлы ойын сүйегін лақтырғанда, оның алты ғана мүмкін нәтижесі бар деп есептейміз. Олар — 1-ден 6-ға дейінгі бүтін сандар және әрқайсысының пайда болу ықтималдығы бірдей. Егер ойын сүйегі әділ болса, онда PMF осы мәндердің әрқайсысының ықтималдығы 1/6-ға тең екенін көрсетеді.

Мұны кесте түрінде көрсетуге болады:

Немесе график түрінде көрсетуге болады. Мұнда әрбір бағанның биіктігі сәйкес мәннің ықтималдығын білдіреді.
Мәні (x) 1 2 3 4 5 6
P(X = x) 1/6 1/6 1/6 1/6 1/6 1/6

Маңызды:

  • PMF дискретті мәндер үшін қолданылады, яғни олардың мүмкін мәндерін толық санап шығуға болады.

  • Мүмкін мәндердің ықтималдықтарын қосқанда, нәтиже әрқашан 1 болады.

  • Қандай да бір мәннің ықтималдығы жоғары болған сайын, ол мән соғұрлым жиі кездеседі.

Басқа мысал. Тиынды үш рет лақтырдық делік. Бұл жағдайда нәтижелер кеңістігінің әрбір элементі “бүк” пен “шік” түсу ретінен тұрады. Мысалы, HHT. Ыңғайлы болу үшін ағылшын әріптерін қолданамыз: \(H\) — heads, бүк; \(T\) — tails, шік). Енді нәтижелерді сан арқылы сипаттайық. Ол үшін үш лақтыруда “бүк” қанша рет түскенін көрсететін \(X\) айнымалысын енгіземіз. “Бүк” түсуін “сәтті нәтиже” деп есептейік.Кездейсоқ эксперименттің нәтижесін бақылай отырып, біз көбіне белгілі бір оқиғаның орын алуына назар аударамыз. Кейде ол оқиға орын алады, кейде орын алмайды. Егер ол орын алса, оны сәтті нәтиже деп атаймыз.

\(X\) қандай мәндер қабылдай алады? 0-ден 3-ке дейін. Себебі тиын үш рет лақтырылғанда, сәтті нәтижелер саны 0, 1, 2 немесе 3 болуы мүмкін. Осы мәндер \(X\) кездейсоқ айнымалысының мүмкін мәндер жиынын құрайды. Мысалы, HHT нәтижесі \(X\)=2. Демек, кездейсоқ айнымалы кездейсоқ оқиғаның нәтижесін санға түрлендіретін функция.

Тағы бір маңызды мәселе — белгілеулер. Кездейсоқ айнымалының өзі бас латын әріппен белгіленеді:\(X\), \(Y\) және т.б. Ал белгілі бір оқиғада алынған нақты мәні кіші әріппен жазылады: \(x\), \(y\). Сондықтан кейде \(X = x\) түріндегі жазуды қолданамыз. Бір қарағанда бұл артық қайталау сияқты көрінуі мүмкін. Алайда мұнда \(X\) — кездейсоқ айнымалының өзі, ал \(x\) — оның нақты қабылдаған мәні. Мысалы, \(X = 3\) деп жазсақ, бұл \(X\) әрқашан 3-ке тең дегенді білдірмейді. Бұл тек осы жағадайда \(X\)-тің мәні 3 болғанын көрсетеді. Ал \(P(X = 3)\) — \(X\) айнымалысының 3 мәнін қабылдау ықтималдығы. Егер 3-тің орнына, мысалы, 2-ні қойсақ, онда оған сәйкес басқа ықтималдық қарастырылады

  • Тиынды 3 рет лақтырдық
  • Нәтижелер кеңістігінің әрбір элементі, \(\Omega\), \(\omega = HHT\) түрінде жазылады
  • Енді “бүк” неше рет түскенін көрсететін \(X\) кездейсоқ айнымалысын енгізейік.
  • \(X\) айнымалысының мүмкін мәндері \(0\)-ден \(3\)-ке дейін. Мысалы, \(X(HHT) = 2\)
  • Кездейсоқ айнымалы бас әріппен белгіленеді, мысалы \(X\), оның мәндері кіші әріппен - \(x\)
  • \(X = x\), \(x\) кездейсоқ айнымалысы \(x\) мәнін қабылдағанын білдіреді.

Кездейсоқ айнымалының функциясы

Кездейсоқ айнымалылардың бірнеше маңызды қасиеті бар. Алғашында олар түсініксіздеу болып көрінуі мүмкін, бірақ тақырыпты тереңірек меңгерген сайын олардың мәні айқындала түседі. Сол қасиеттердің бірі: кездейсоқ айнымалының кез келген функциясы да кездейсоқ айнымалы болады. Мысал ретінде \(X\) — кубикті лақтыру нәтижесінде түскен санды білдірсін. \(Y\) деп анықтайық, яғни \(X\)-тің квадратын алайық. Бұл да кездейсоқ айнымалы, себебі оның мәні де оқиға нәтижесіне қарай өзгеріп отырады. \(Y\) қандай мәндер қабылдай алады? Егер \(X\) айнымалысының мүмкін мәндері 1,2,3,4,5,6 болып, олардың әрқайсысының ықтималдығы 1/6-ға тең болса, онда \(Y\) айнымалысының мүмкін мәндері 1,4,9,16,25,36 болады. Бұлар — \(X\)-тің сәйкес мәндерінің квадраттары. Әрқайсысы 1/6 ықтималдықпен қабылданады. Яғни өзгергені — айнымалының мәндері ғана, ал олардың ықтималдықтары өзгеріссіз қалады.

Бұл қасиет тек квадраттауға ғана тән емес. Кездейсоқ айнымалыға кез келген функцияны қолдануға болады. Логарифм, экспонента, синус, косинус немесе олардың кез келген комбинациясы да жаңа кездейсоқ айнымалыны анықтайды.

  • Кездейсоқ айнымалыдан алынған кез келген функция да кездейсоқ айнымалы болады.

  • Мысалы, \(X\) — кубикті лақтыру нәтижесінде түскен сан, ал \(Y = X^2\) — сол санның квадраты. Ол да кездейсоқ айнымалы.

Кездейсоқ айнымалы функциясының тағы бір мысалы — дене салмағының индексі. Кездейсоқ бір адамды таңдап, оның бойын (\(H\)) өлшейік. Бұл — бір кездейсоқ айнымалы. Сол адамның салмағын (\(W\)) өлшейік. Бұл — екінші кездейсоқ айнымалы. Енді \(W / H^2\) мәнін есептейік. Осылайша дене салмағының индексін аламыз. Ол да кездейсоқ айнымалы, өйткені әр адам үшін оның мәні әртүрлі.

  • Тағы бір мысал: \(H\) — кездейсоқ таңдалған адамның бойы, \(W\) — оның салмағы. Ал \(U = W/H^2\) — сол адамның дене салмағының индексі. Ол да кездейсоқ айнымалы.

PMF-тің формалды жазылуы

PMF — дискретті кездейсоқ айнымалының ықтималдық үлестірімі. Оны формалды түрде былай белгілейміз: Мұндағы кіші \(p\) ықтималдық үлестірімін білдіреді, төменгі индекс бұл үлестірімнің қай кездейсоқ шамаға тиесілі екенін көрсетеді, ал жақшадағы — функцияның аргументі. Сондықан \(p_X(x)\) жазбасы “\(X\) кездейсоқ айнымалысының \(x\) мәнін қабылдау ықтималдығы” дегенді білдіреді.

  • \(X\) айнымалысының PMF-і — \(X\)-тің мүмкін мәндері бойынша ықтималдық үлестірімі.
  • Мысалы, бізде \(\{a, b, c\}\) студенттері бар. Кездейсоқ бір студентті таңдап, оның бойын көрсететін \(X\) кездейсоқ айнымалысын қарастырайық. Мысалы, \(x_a = 153, x_b = 175, x_c = 175\)
  • Ықтималдықты анықтайық: \(P(X = 153) = 1/3\), \(P(X = 175) = 2/3\)
  • PMF - \(x\) әрбір мүмкін мәніне \(P(X = x)\) ықтималдығын сәйкестендіретін функция.
  • Формалды түрде, \(p_X(*): X \rightarrow [0,1]\)
  • PMF \(p_X(x) = P(X = x)\) ретінде жазылады

Мысал: екі кубиктің қосындысы

Енді PMF-ті анықтап, оны жазып үйренейік. Кездейсоқ оқиға: Екі алты қырлы кубикті лақтырайық. \(X\) бірінші кубикте, ал \(Y\) екінші кубикте түскен сан болсын. Әрбір мүмкін нәтиженің ықтималдығы бірдей: \(P(X = 1, Y = 2) = 1/36\), сондықтан осы сияқты кез келген басқа жұптың ықтималдығы да 1/36-ға тең.

Енді \(Z = X + Y\) жаңа айнымалысын енгізейік. Ол екі кубикте түскен сандардың қосындысын білдіреді (мұндай шама кубик қолданылатын үстел ойындарында жиі кездеседі). Енді осы айнымалының PMF-ін анықтайық. \(Z\) қандай мәндерді қабылдай алады?? 2-ден (1+1) 12 дейін (6+6) — яғни \(z \in \{2, 3, \ldots, 12\}\). PMF-ті қалай есептейміз? Алдымен \(z\)-тің нақты бір мәнін алайық. Содан кейін \(x + y = z\) шартын қанағаттандыратын барлық \((x, y)\) жұптарын табамыз. Мысалы, \(z = 2\) болса, мұндай жұп біреу ғана: \((1, 1)\). Сондықтан \(p_Z(2) = 1/36\). Ал \(z = 3\) болса, мұндай жұп екеу: \((1, 2)\) және \((2, 1)\). Сондықтан \(p_Z(3) = 2/36\).

\(p_Z(3)\) белгіленуіне назар аударайық. \(Z\) ықтималдық функциясының қай кездейсоқ айнымалыға тиесілі екенін көрсетеді. Ал жақшадағы 3 — осы айнымалының нақты мәні. Сондықтан \(p_Z(3)\) - Z айнымалысының 3 мәнін қабылдау ықтималдығы. Жалпы, функцияның мәні де осылай анықталады: аргументтің әрбір мәніне функцияның бір ғана мәні сәйкес келеді.

Егер екі кубиктің қосындысын алдын ала болжау қажет болса, ең дұрыс таңдау — 7. Себебі қосындысы 7 болатын жұптары қалған қосындыларға қарағанда көбірек. Сондықтан \(p_Z(7)\) барлық мәндердің ішінде ең үлкені.

  • Кездейсоқ оқиға: алты қырлы кубикті екі рет лақтыру (2d6) \(X\) - бірінші лақтыру, \(Y\) - екінші лақтыру

  • Барлық мүмкін нәтижелердің ықтималдығы бірдей

    • мысалы, \(P(X = 1, Y = 2) = 1/36\)
  • Жаңа айнымалы енгізейік \(Z = X + Y\), \(z\) барлық мәндері үшін \(p_Z(z)\) табайық

  • \(z \in \{2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12\}\)

  • \(z\)-тің нақты бір мәнін таңдайық:

    • \(z = x + y\) болатын барлық \(x, y\) жұптарын табамыз
    • осы жұптарға сәйкес келетін \(P(X = x, Y = y)\) ықтималдықтарын қосамыз
    • Мысалы, \(p_Z(2) = P(Z = 2) = 1/36\), \(p_Z(3) = P(Z = 3) = 2/36\), …

PMF-ті, яғни осы кездейсоқ айнымалының ықтималдық таралуын графикпен бейнелесек, X осінде айнымалының мүмкін мәндері, ал Y осінде оларға сәйкес ықтималдықтар көрсетіледі. График қалыпты таралуға ұқсайды, бірақ ол дискретті мәндер үшін салынған. Бұл жай ғана сәйкестік емес. Оның себебін кейінірек қарастырамыз.

Таралуды анықтау

Терминологияға қатысты шағын ескерту. Алдағы бөлімдерде “ықтималдық таралуын анықтау”, “кездейсоқ айнымалыны анықтау”, және “PMF-ті анықтау” деген үш тіркесті кездестіресіз. Бұл кітапта оларды синоним ретінде қолданамыз. Себебі олардың кез келген біреуін анықтау үшін қалған екеуі де анықталуы керек.

  • Таралуды анықтау = кездейсоқ айнымалыны анықтау = PMF (!!!)-ті анықтау

  • Бұның бәрі синонимдер

PMF не үшін қажет?

Елестетіп көріңіз: қандай да бір кездейсоқ процестің ықтималдық таралуы белгілі. Бұл оның қасиеттерін жан-жақты талдауға мүмкіндік береді. Соның ішінде кез келген оқиғаның ықтималдығын есептеуге болады.

  • Лотерея мен құмар ойындар (PMF)

Мысалы, сіз 0, 1000 немесе 10 000 теңге ұтып алуға болатын лотереяға қатысып жатырсыз. Әдетте ойыншы әр ұтыс сомасының ықтималдығын білмейді: әр ұтысқа қанша билет сәйкес келетіні белгісіз. Лотереяның өзі де осы белгісіздікке негізделген. Енді сізге ықтимал ұтыстардың ықтималдық таралуы, яғни PMF, белгілі деп елестетіңіз. Онда сіз маңызды ақпаратқа ие боласыз: белгілі бір соманы ұтып алу ықтималдығын (мысалы, 1000 теңге немесе одан көп ұтып алу мүмкіндігін) есептей аласыз, күтілетін ұтысты бағалай аласыз және бұл лотереяға қатысудың тиімді не тиімсіз екенін шеше аласыз.

  • Емтихандағы бағалар (PMF)

    Мысалы, сіз жүз студент оқитын топтан емтихан қабылдайсыз. Бағалар A, B, C, D және F болып қойылады. Егер алдыңғы жылдардағы тәжірибеге сүйеніп, әр бағаның ықтималдығын шамамен білсеңіз, онда қанша студенттің “өте жақсы”, қаншасының “қанағаттанарлық” баға алатынын, ал қаншасының емтиханнан өте алмайтынын алдын ала болжай аласыз.

Жиі кездесетін дискретті таралулар

Дискретті таралулар көп болғанымен, көбіне үш негізгі түрі қарастырылады. Қалғандары сол үшеуінің комбинациясы ретінде түсіндіріледі.

Бернулли таралуы

Жалпы, жаңа кездейсоқ айнымалыны қарастырғанда бірінші сұрақ — оның мүмкін мәндері қандай екені. Бернулли жағдайында бұл ең қарапайым: тек екі ғана мән бар — 0 және 1. Айнымалы 1 мәнін \(p\) ықтималдығымен қабылдайды, ал 0 мәнін \(1 - p\) ықтималдығымен қабылдайды.

\(p\) мәні “сырттан” таңдалады — оны зерттеуші нақты есепке байланысты белгілейді. Мұндай шамалар параметрлер деп аталады. Бернулли таралуы бір ғана параметрмен сипатталады — \(p\). Сондықтан “Бернулли таралуын анықтау” дегеніміз — “\(p\) параметрін анықтау” дегенді білдіреді. Бернулли тарлуымен нені сипаттауға болады? Өте көп нәрсені: тиынды лақтыру (жиі қарастырылатын мысал), “бүгін қар жауа ма” — яғни екі ғана нәтижесі бар, әрі олардың белгілі бір ықтималдықтары тұрақты кез келген жағдайды.

Жазылуына қатысты шағын ескерту. Егер айнымалы Бернулли таралуына бағынса, оны \(X \sim Be(p)\). Мұндағы тильда белгісі “таралуы сәйкес” дегенді білдіреді, ал жақша ішінде параметр көрсетіледі.

  • Бернулли таралуы белгілі бір оқиға \(p\) ықтималдықпен орын алатын тәжірибені сипаттайды
  • Бір ғана параметрмен беріледі: \(p \in [0,1]\)
  • PMF арқылы былай жазылады:

\[\begin{align*} p_X(0) = 1-p \\ p_X(1) = p \end{align*}\]

Бірқалыпты таралу

Бірқалыпты таралудың екі параметрі бар: аралықтың төменгі шегі мен жоғарғы шегі. Сондықтан мүмкін мәндер жиыны осы екі шектің арасындағы барлық бүтін сандардан тұрады. PMF-ті қалай есептейміз? Бірқалыпты таралуда барлық мүмкін мәндердің ықтималдығы бірдей болады. Сондықтан алымда 1 тұрады, ал бөлімде барлық мүмкін мәндердің саны болады. Ал \(a\) мен \(b\) арасындағы бүтін сандар саны қанша? Оның \(b - a + 1\) екенін байқау қиын емес. Мысалы, 1 мен 6 аралығында неше бүтін сан бар? \(6 - 1 = 5\), оған 1-ді қоссақ, 6 шығады.

Бірқалыпты таралу көбіне толық белгісіздік жағдайын модельдеу үшін қолданылады. Мысалы, сіз тек мүмкін нәтижелерді ғана білесіз, бірақ олардың өзара айырмашылығы туралы ешқандай қосымша ақпарат жоқ. Мұндай жағдайда оларды бірдей ықтимал деп қарастыруға болады. Бірқалыпты таралу \(X \sim U[a, b]\) түрінде белгіленеді — мұндағы \(U\) ағылшын тіліндегі “uniform” сөзінен алынған. Ал \(a\) және \(b\) таралудың екі параметрі.

  • Кездейсоқ оқиға: \([a, b]\) аралығындағы кездейсоқ бүтін санды қарастырайық
  • Параметрлер: \(a, b \in Z\)
  • Нәтижелер кеңістігі: \(\{a, a+1, ..., b\}\), \(|\Omega| = b-a+1\)
  • Кездейоқ айнымалы \(X: X(\omega) = \omega\)
  • \(p_X(x) = \frac{1}{b-a+1}, \forall x\)
  • Ең жоғары белгісіздік (білмеу) моделі
    • e.g. біз тек мүмкін нәтижелерді білеміз, бірақ олардың ықтималдықтары туралы ештеңе білмейміз
  • \(X \sim U[a,b]\) белгіленеді

Биномдық таралу

Шын мәнінде, сәл жоғарыда тиынды үш рет лақтырғанда “жеңістерді” есептеген кезде биномдық таралуға жақын жағдайға тап болғанбыз. Тиынды \(n\) рет лақтырамыз. Тиын міндетті түрде әділ емес — “бүк” \(p\) ықтималдықпен түседі (яғни 50% болмауы мүмкін). Бірақ тиын біреу болғандықтан, барлық лақтыруларда \(p\) өзгермейді, әрі әр лақтыру бір-бірінен тәуелсіз. Белгілі бір тәуелсіз сынақтар тізбегінде “жеңістердің” (мысалы, “бүктердің”) санын есептейтін кездейсоқ айнымалы биномдық айнымалы деп аталады. Егер 3 сынақ болса, айнымалы 0-ден 3-ке дейінгі мәндерді қабылдай алады. Егер 10 сынақ болса — 0-ден 10-ға дейін. Биномдық таралу екі параметрмен беріледі: сынақтар саны және “жеңіс” ықтималдығы.

Бернулли таралуы мен биномдық таралу өзара тығыз байланысты. Шын мәнінде, Бернулли таралуы — бір ғана сынақ жүргізілгендегі биномдық таралудың дербес жағдайы. Ал егер бір емес, бірнеше сынақ жүргізілсе ше? Мысалы, 10, 20 немесе 100 сынақ. Әр сынақта сәтті нәтиженің ықтималдығы өзгермейді және әрбір сынақ бір-біріне тәуелсіз орындалады. Осындай жағдайда сәтті нәтижелер саны қалай өзгереді? Осы сұраққа биномдық таралу жауап береді. Ол бірдей жағдайда бірнеше рет жүргізілген өзара тәуелсіз сынақтардағы сәтті нәтижелер санын сипаттайды.

Оқиға: \(n\) тиын лақтырылуы, мұнда \(P(Бүк) = p\) - Нәтижелер кеңістігі: ұзындығы \(n\) болатын “бүк” пен “шік” тізбектерінің жиыны. - n = 3: \(\omega = ООР\) or \(\omega = ОРО\) - n = 10: \(\omega = РРООРООООР\) - \(X\) кездейсоқ айнымалысы: тізбектегі “бүктердің” саны - if \(\omega = ООР, X(\omega) = 2\) - if \(\omega = РРР, X(\omega) = 0\) - Параметлер: - \(n \in Z^+; p \in [0,1]\)

  • Бірдей жағдайда жүргізілген тәуелсіз сынақтардағы “сәтті” нәтижелер санының моделі.

\[ p_X(2) = P(X = 2) = \\ P(ООР) + P(ОРО) + P(РОО) = \\ 3p^2(1-p) = \binom 3 2 p^2(1-p) \]

Биномдық үлестірімнің PMF формуласы бар. Оны жаттап алу міндетті емес, бірақ оның қалай құрылғанын және қалай оқылатынын түсіну маңызды. Алғаш көргенде формула күрделі болып көрінеді. Бірақ оны бөліктерге жіктеп қарасақ, үш негізгі құрамнан тұратынын көреміз:

\[ p_X(k) = \binom n k p^k(1-p)^{n-k}, \forall k = 0, 1, ..,n \]

Енді осы формуланы математикалық тілден қарапайым тілге аударып көрейік. Сол жақта \(X\) кездейсоқ айнымалысының \(k\) мәнін қабылдау ықтималдығы берілген. Оң жақтағы \(p^k\) -ға назар аударайық. Біз бұған ұқсас өрнекті бұрын да кездестірдік: сәтті нәтижелер бір-біріне тәуелсіз, олардың саны \(k\). Сондықтан ықтималдық өз-өзіне \(k\) рет көбейтіледі. Егер \(n\) сынақтың ішінде \(k\) сәтті нәтиже болса, онда қалған \(n-k\) сынақ сәтсіз аяқталғаны анық. Сәтсіз нәтиженің ықтималдығы \(1-p\)-ге тең, сондықтан ол \(n-k\) рет көбейтіледі. Осыдан \((1-p)^{n-k}\) пайда болады. Ал формуланың басындағы \(\binom n k\) таңбасы \(n\) сынақтың ішінде дәл \(k\) сәтті нәтижені неше түрлі тәсілмен таңдауға болатынын білдіреді.

Мұны үш сынақтан тұратын мысал арқылы түсіндірейік. Үш сынақты үш ұяшық ретінде елестетейік. Біз екі сәтті нәтиже болғанын білеміз, бірақ олардың қай орындарда болғаны белгісіз. Бірінші мүмкіндік — алғашқы екі сынақ сәтті өтіп, үшіншісі сәтсіз аяқталды. Екінші мүмкіндік — бірінші сынақ сәтсіз, ал екінші және үшінші сынақтар сәтті болды. Үшінші мүмкіндік — бірінші сынақ сәтті, екіншісі сәтсіз, ал үшіншісі қайтадан сәтті болды. Сонымен, барлығы үш мүмкіндік шығады. Басқаша айтқанда, біз үш ұяшықтың ішінен сәтті нәтижелерді орналастыру үшін екі ұяшықты неше түрлі тәсілмен таңдауға болатынын сұрап отырмыз. Дәл осыны басқа түрде де айтуға болады: үш ұяшықтың ішінен сәтсіз нәтижені орналастыру үшін бір ұяшықты неше түрлі тәсілмен таңдауға болады? Биномдық коэффициент \(\binom n k\) — осы идеяның жалпыланған түрі. Оны қарапайым формула арқылы есептеуге болады, бірақ әзірге оны жаттап алудың қажеті жоқ. Ең бастысы — оның мағынасын түсіну: \(n\) орынға \(k\) сәтті нәтижені неше түрлі тәсілмен орналастыруға болатынын көрсетеді.

  • \(\binom n k\) деген не?
    • \(n\) элементтің ішінен \(k\) элементті таңдаудың саны

\[ \binom n k = \frac{n!}{(n-k)!k!} \]

  • Мысалы, 3 элементтің ішінен 2 элементті неше түрлі тәсілмен таңдауға болады?

\[ \binom 3 2 = \frac{3!}{(3-2)!2!} = \frac{3*2*1}{1*2*1} = 3 \]

Төменде параметрлері әртүрлі биномдық таралулардың мысалдары берілген. Бірінші жағдайда үш сынақ жүргізіледі, ал сәтті нәтиженің ықтималдығы 50%-ға тең. Таралу симметриялы болады: 1 және 2 сәтті нәтиже ең ықтимал, ал 0 немесе 3 сәтті нәтиже сирек кездеседі. Енді сынақтар санын 10-ға дейін арттырайық. Бұл жағдайда 0-ден 10-ға дейін барлығы 11 мүмкін нәтиже болады. Таралу тағы да симметриялы. Ең ықтимал нәтиже — 5 сәтті нәтиже, ал 0 немесе 10 сәтті нәтижені байқау ықтималдығы өте төмен. Егер сынақтар саны 100 болса, ұқсас көрініс сақталады. Ең ықтимал нәтижелер 50-нің маңына шоғырланады, ал 40-тан аз немесе 60-тан көп сәтті нәтиженің болуының ықтималдығы айтарлықтай төмен. Екінші қатарда сынақтар саны өзгермейді, бірақ сәтті нәтиженің ықтималдығы 20%-ға тең. Мұндай жағдайда таралу солға қарай ығысып, симметриялы болмай қалады.

Неге “биномдық”?

Неліктен биномдық деп аталады? \(n\) элементтің ішінен \(k\) элементті неше түрлі тәсілмен таңдауға болатынын есептейтін формула алғаш рет Ньютон биномын жіктеу кезінде пайда болған. Бұл тақырыппен мектепте танысқан болуыңыз мүмкін. Ньютон биномы — екі мүшенің қосындысын дәрежеге шығару: \((x+y)^n\). Көбіне біз екінші немесе үшінші дәрежемен ғана жұмыс істейміз, бірақ оны кез келген (n) дәрежесі үшін жазуға болатын жалпы формула бар. Осы өрнектегі \(\binom n k\) коэффициенттері биномдық коэффициенттер деп аталады. Кейінірек бірнеше тәуелсіз сынақтағы сәтті нәтижелер санын сипаттайтын тараудың формуласында дәл осы коэффициенттер қолданылатыны анықталды. Сондықтан бұл таралу биномдық таралу деген атауға ие болды. Биномдық таралудың басты ерекшелігі — ықтималдықтарды есептеуге арналған дайын формуласының болуы. Ол бірдей жағдайда жүргізілген, “өзара тәуелсіз \(n\) сынақтың әрқайсысында сәтті нәтиженің ықтималдығы өзгермейтін жағдайларды” сипаттауға өте қолайлы.

\[\begin{align*} (x + y)^n &= \binom n 0x^ny^0 + \binom n 1x^{n-1}y^1 + \dots \\ &\quad + \binom{n}{n-1}x^1y^{n-1} + \binom{n}{n}x^0y^{n} \\ (x + y)^n &= \sum_{k=0}^{n}\binom{n}{k}x^ky^{n-k} \\ \textrm{например, } (x+y)^3 &= \binom 3 0x^3y^0 + \binom 3 1x^2y^1 \\ &\quad + \binom 3 2x^1y^2 + \binom 3 3x^0y^3\\ (x+y)^3 &= x^3 + 3x^2y + 3xy^2 + y^3 \\ \textrm{частный случай, при }x=1&, y=1 : \\ 2^n &= \sum_{k=0}^{n}\binom{n}{k} \end{align*}\]

Күтім (Expectation)

Естеріңізде болса, статистиканы алғаш қарастыра бастағанда біз үлестірімнің әртүрлі сипаттамаларын есептеген едік. Атап айтқанда, орта, медиана, дисперсия, стандартты ауытқу және квартильаралық ауқым. Осы жерде заңды сұрақ туындайды: осындай сипаттамаларды абстрактілі кездейсоқ айнымылалар үшін де анықтауға бола ма?

Әрине, дәл қазір біз осы мәселеге тоқталамыз. Бір жағынан, бізде “нақты” бақылау нәтижелері, яғни сандар бар. Екінші жағынан, сол нәтижелерді тудыратын абстрактілі кездейсоқ айнымалы бар. Негізгі мақсатымыз — бақылау деректерінің негізінде оларды тудырған кездейсоқ шаманы сипаттау. Ол үшін деректерге есептелетін сипаттамаларға ұқсас шамалар қажет.

Осындай сипаттамалардың алғашқысы — математикалық күтім (немесе қысқаша “күтілетін мән”, ағылшынша expectation).

Қарапайым мысалды қарастырайық. \(X\) — кездейсоқ таңдалған бір күнде мен ішетін кофе кеселерінің санын білдіретін кездейсоқ айымалы болсын. Бұл кездейсоқ айнымалы 1, 2 немесе 3 мәндерінің бірін қабылдайды. Оларға сәйкес ықтималдықтар тиісінше 3/10, 6/10 және 1/10.

  • Мысал: \(X\) — кездейсоқ таңдалған бір күнде мен ішетін кофе кеселерінің санын білдіретін кездейсоқ айнымалы. Оның таралуын төмендегідей анықтайық.

    Кофе кеселерінің саны (X) 1 2 3
    \(p_X(*)\) ықтималдығы 3/10 6/10 1/10

    Немесе оны былай да жазуға болады:

    • \(p_X(1) = P(X = 1) = 3/10\)
    • \(p_X(2) = P(X = 2) = 6/10\)
    • \(p_X(3) = P(X = 3) = 1/10\)

Енді мынадай сұрақ қояйық: 100 күннің ішінде мен орта есеппен қанша кесе кофе ішемін? Мұны былайша пайымдауға болады. Егер бір кесе кофе ішу ықтималдығы 0.3 болса, онда 100 күннің шамамен 30 күнінде мен бір кесе кофе ішемін. Сол сияқты, шамамен 60 күнде екі кесе, ал 10 күнде үш кесе кофе ішемін.Егер осы күндердің әрқайсысының санын сол күндері ішілген кеселер санына көбейтіп, алынған мәндерді қоссақ, онда 100 күн ішінде ішілген кеселердің жалпы санын анықтаймыз. Ал осы шаманы 100-ге, яғни күндер санына бөлсек, орташа мән 1,8 болады.

Енді осы өрнекті алгебралық түрде сәл түрлендірейік. Алымда қосынды тұрғандықтан, оны жеке қосылғыштарға бөліп, әрқайсысын 100-ге бөлуге болады. Нәтижесінде, бір көбейтілген 3/10 -ға, оған қоса екі көбейтілген 6/10-ға, оған қоса үш көбейтілген 1/10-ға болады. Осы жерден белгілі бір заңдылық байқалады. Әрбір қосылғыштағы бірінші сан — кездейсоқ шаманың мүмкін мәні (бір кесе, екі кесе, үш кесе), ал екінші сан — сол мәнге сәйкес келетін ықтималдық. Яғни кездейсоқ шаманың барлық мүмкін мәндерін олардың сәйкес ықтималдықтарына көбейтіп, алынған нәтижелерді қосамыз. Соның нәтижесінде кездейсоқ шаманың көптеген сынақтар кезінде “орта есеппен” қандай мән қабылдайтынын сипаттайтын санды анықтаймыз.

  • 100 күн ішінде мен орта есеппен қанша кесе кофе ішемін?

\[ \textrm{Кеселердің орташа саны } = \frac{1*30 + 2*60 + 3*10}{100} = 1.8 \\ \textrm{немесе} \\ \textrm{Кеселердің орташа саны } = 1*\frac{3}{10} + 2*\frac{6}{10} + 3*\frac{1}{10} = 1.8 \]

  • Анықтама:

Бұл — кездейсоқ айнымалының математикалық күтімінің анықтамасы. Ол \(E\) түрінде белгіленеді, себебі expectation сөзінің қысқартылған белгісі, ал тік жақшаның ішінде кездейсоқ айнымалы жазылады. Формалды түрде бұл — \(x\)-тің барлық мүмкін мәндері бойынша алынған қосынды. ҚҚосындының әрбір мүшесі — кездейсоқ шаманың мүмкін мәні мен оған сәйкес ықтималдықтың көбейтіндісі. \(\sum\) таңбасы (сигма) қосындыны білдіреді. Ол әрбір мүшені жеке-жеке жазбай, барлығын бір таңбамен көрсетуге мүмкіндік береді. Мысалы \(x_1 + x_2 + \dots + x_n\).

\[ E[X] = \sum_{x}xp_X(x) \]

Тұжырымдамалық тұрғыдан, математикалық күтім — сынақтар саны өте көп болғанда айнымалы қабылдайтын орташа мән. Оны айнымалы мәндерінің шоғырлану ортасын, яғни таралудың орталығын сипаттайтын шама ретінде қарастыруға болады.

  • Түсіндірмесі: сынақтар саны өте көп болған жағдайда айнымалының орташа мәні.

Математикалық күтім – популяцияның орташа мәні

  • Мысалы, топты \(n\) студент бар
  • \(i\)-студенттің бойы: \(h_i\)
  • Оқиға: барлық нәтижелердің ықтималдығы бірдей деп есептеп, кездейсоқ бір студент таңдалады.
  • \(H\) кездейсоқ айнымалысы: таңдалған студенттің бойы
    • оңай болу үшін, барлық \(h_i\) мәндері бір-бірінен өзгеше деп ұйғарайық.

\[\begin{align*} p_H(h_i) &= \frac{1}{n} \\ E[H] &= \sum_hh_ip_H(h_i) = \sum_hh_i\frac{1}{n} \\ &=\frac{\sum_{h}h_i}{n} \end{align*}\]

  • Кездейсоқ таңдап алынған студенттің математикалық күтімі \(E[H]\), бас популяциядағы орташа бойға тең.
    • Сондықтан іріктеме міндетті түрде кездейсоқ әрі барлық элементтердің таңдалу ықтималдығы бірдей болуы керек!!

Математикалық күтімнің қасиеттері

Математикалық күтімнің бірқатар қарапайым қасиеттері бар. Бұл қасиеттердің дәлелдемелеріне тоқталмай, оларды қысқаша келтірейік: Тұрақты шаманың математикалық күтімі сол тұрақты шаманың өзіне тең. Яғни егер шама кездейсоқ болмаса және әрдайым бір ғана мән қабылдайтын болса, оның математикалық күтімі де дәл сол мәнге тең болады. Ал егер екі кездейсоқ шаманы қоссақ, онда олардың қосындысының математикалық күтімі әрқайсысының математикалық күтімдерінің қосындысына тең болады.

  • Егер \(c\) тұрақты шама, \(E[c] = c\)
  • \(E[X + Y] = E[X] + E[Y]\)
  • егер \(Y = g(X)\), то \(E[Y] = E[g(X)]\)

Енді екінші қасиетті өзімізге таныс мысал арқылы тексеріп көрейік. Бұған дейін \(Z = X + Y\) үшін PMF құрған едік, мұнда \(X\) және \(Y\) — екі ойын текшесін лақтыру нәтижелері. Бір текшені лақтырғандағы математикалық күтім, яғни \(E[X]\), неге тең? 3,5.Мұны формалды түрде де көрсетуге болады. Бірінші мүмкін мән — 1, оның ықтималдығы 1/6. Екінші мән — 2, оның ықтималдығы да 1/6. Осылайша 6-ға дейін жалғасады. Барлық мүшелерде 1/6 ортақ көбейткіш болғандықтан, оны жақша сыртына шығарамыз. Жақшаның ішінде 1-ден 6-ға дейінгі сандардың қосындысы қалады. Ол 21-ге тең. 21-ді 6-ға бөлсек, 3,5 болады. Мұны интуитивті түрде де түсінуге болады. Кубиктің барлық жақтары бірдей ықтималдықпен түсетіндіктен, оның таралуы бірқалыпты. Сондықтан таралудың ортасы 1 мен 6-ның дәл ортасында жатады, яғни 7-ні екіге бөлеміз.

Енді математикалық күтімнің қосынды қасиетін пайдаланып, екі текшенің ұпайлары қосындысының математикалық күтімін есептеп көріңіз. Жауабы — жеті. Естеріңізде болса, дәл 7 санына бәстескен тиімді екенін айтқанбыз. Егер екі кубикті қайта-қайта лақтырып, әр жолы түскен ұпайлардың қосындысын есептесеңіз, ең жиі кездесетін нәтиже — 7. Сонымен қатар оның математикалық күтімі де 7-ге тең.

Тағы бір мысал - биномдық айнымалының күтімі

\[\begin{align*} X \sim Bi(n, p) \\ \textrm{(X — биномдық кездейсоқ айнымалы n және p параметрлерімен)} \\ \textrm{тікелей есептеу тәсілі: } E[X] = \sum_{k=0}^{n}k\binom{n}{k}p^n(1-p)^{n-k} \\ \textrm{тиімді тәсіл}: X = Y_1 + Y_2 + \dots + Y_n, \textrm{где } Y_i \sim Be(p) \\ E[X] = E[Y_1 + \dots +Y_n]=E[Y_1] + \dots + E[Y_n] \\ = p + \dots + p = np \\ E[X] = np \end{align*}\]

Мысық туралы мысал

  • Таңертең иесін тістеп алатын мысық бар. Әр таң сайын оның иесін тістеу ықтималдығы 10%.
  • Онда бір жыл ішінде мысық иесін шамамен неше рет тістейді?
    • \(E[X] = 364(n)*0.1(p) = 36.4\)

Кездейсоқ айнымалының дисперсиясы

Математикалық күтім таралудың ортасын сипаттайды. Ал мәндердің қаншалықты шашырайтынын қалай сипаттауға болады? Мысық туралы мысалды қайта еске түсірейік. Кейбір жылдары ол сізді 29 рет тістеуі мүмкін, ал кейбір жылдары — 44 рет. Яғни нәтиже әрдайым орташа мәнге дәл келе бермейді. Сонда мынадай сұрақ туады: орташа мәннен қаншалықты ауытқу қалыпты жағдай болып саналады? Басқаша айтқанда, кездейсоқ шаманың мәндері әдетте таралудың ортасынан қаншалықты алыстайды?

Бізде математикалық күтімі \(E[X] = \mu\) болатын \(X\) кездейсоқ шамасы бар. Енді кездейсоқ шаманың нақты мәндері математикалық күтуден қаншалықты алшақ орналасқанын қарастырайық. Ол үшін алдымен\(X - \mu\) ауытқуын есептейміз. Ал теріс мәндерден құтылу үшін осы ауытқуларды квадраттаймыз.

Біз кездейсоқ айнымалы \(X\)-ті түрлендіріп, одан жаңа кездейсоқ айнымалы құрдық. Кездейсоқ айнымалының кез келген функциясы да кездейсоқ шама болатындықтан, оған математикалық күтуді және басқа да сандық сипаттамаларды есептеуге болады. Осы жаңа кездейсоқ шамасының математикалық күтімі дисперсия (variance) деп аталады. Дисперсия кездейсоқ шаманың мәндері математикалық күтуден қаншалықты алшақ орналасатынын, басқаша айтқанда, олардың шашырау дәрежесін сипаттайды.

  • Дисперсия (Variance) \(X\), анықтамасы

\[ var(X) = E[(X - \mu)^2] \geq 0 \\ \]

Дисперсияның қасиеттерін пайдалану арқылы оны есептеудің ықшам формуласын шығаруға болады: кездейсоқ айнымалының квадратының математикалық күтімінен оның математикалық күтімінің квадратын азайту жеткілікті.

  • Қасиеттері

\[\begin{align*} var(X) &= E[X^2 - 2X\mu + \mu^2] = E[X^2] - E[2X\mu] + E[\mu^2] \\ &= E[X^2] - 2\mu E[X] + \mu^2 = E[X^2] - 2\mu^2 + \mu^2 \\ &= E[X^2] - \mu^2 \textrm{ (немесе) } \\ &= E[X^2] - (E[X])^2 \end{align*}\]

Дисперсияның квадрат түбірі - стандартты ауытқу .

\[ \sigma_X = \sqrt{var(X)} \]

Бернулли дисперсиясы

Енді Бернулли таралуы үшін дисперсияның қалай есептелетінін қарастырайық. Бұл мысал дисперсияның мәнін жақсырақ түсінуге көмектеседі. Дисперсияны анықтамасы бойынша тікелей есептеуге болады. Алайда бұл жағдайда \(E[X^2] - (E[X])^2\) формуласын қолдансақ, бір қызықты қасиетке тап боламыз.

Еске салайық, Бернуллидің кездейсоқ айнымалысы тек екі ғана мән қабылдайды: 1 — ықтималдығы \(p\), ал 0 — ықтималдығы \(1 - p\). Енді \(X\) квадраттасақ не болады? 0 мен 1 сандары квадратталғаннан кейін өзгермейді. Демек, дәл сол мәндерді дәл сол ықтималдықтармен қабылдайды. Сондықтан \(X^2\) = \(X\) деп айтсақ болады. Формулаға қойсақ: \(X\)-тің математикалық күтімінен оның математикалық күтімінің квадратын азайтамыз. Бернулли таралуы үшін математикалық күтімді есептеу оңай — ол \(p\)-ге тең. Сондықтан \(p - p^2 = p(1-p)\)

  • Бернулли: \(X \sim Be(p)\)
    • Назар аударайық, \(X^2 = X\): екі шама да бірдей ықтималдықтармен тек \(0 және 1\) мәндерін ғана қабылдайды.

\[ var(X) = E[X^2] - (E[X])^2 = E[X] - (E[X])^2 = p - p^2 = p(1-p) \]

Дисперсия кездейсоқ айнымалының мәндері қаншалықты шашырағанын, басқаша айтқанда, белгісіздік деңгейін сипаттайды. Сондықтан Бернулли таралуы үшін белгісіздік \(p(1-p)\) ең үлкен мәніне жеткен кезде ең жоғары болады. Егер \(p = 1\) болса, оқиғаның міндетті түрде болатынын алдын ала білеміз. Бұл жағдайда ешқандай белгісіздік жоқ, сондықтан дисепрсия нөлге тең. Сол сияқты, \(p = 0\) болса, оқиғаның болмайтыны анық, демек дисперсия да нөлге тең. Ал ең үлкен мәніне \(p = 0.5\) кезінде жетеді. Бұл екі нәтиженің де ықтималдығы бірдей деген сөз. Осындай жағдайда белгісіздік ең жоғары болады, өйткені екі нәтиженің кез келгені бірдей ықтималдықпен жүзеге асуы мүмкін.

Мұны аналитикалық тұрғыдан да көрсетуге болады: \(p(1-p) = p - p^2\) — квадраттық функция екенін көреміз. Оның графигі төмен қарай ашылған парабола болғандықтан, 0 мен 1 нүктелеріне қатысты симметриялы болады. Сондықтан ең үлкен мәніне осы екі нүктенің дәл ортасында, яғни ықтималдық 50%-ға тең болғанда жетеді.

Бірқалыпты таралудың дисперсиясы

Жалпы түсінік ретінде бірқалыпты таралудың дисперсиясына тоқталайық. Оның шығару жолын егжей-тегжейлі қарастырмаймыз, өйткені аралық есептеулер біршама көлемді. Барлық түрлендірулерден кейін нәтиже ықшам формулаға келеді. Сондықтан бірден соңғы нәтижесін келтіреміз.

  • Бірқалыпты таралған кездейсоқ айнымалы: \(Y \sim U[0, n]\), (жеке жағдай)
    • \(E[Y] = \frac{n}{2}, p_Y(y) = \frac{1}{n+1}\)

\[\begin{align*} var(Y) &= E[Y^2] - (E[Y])^2 \\ &= \frac{1}{n+1}(0^2+1^2+\dots+n^2) - \frac{n^2}{4} = \\ &= \textrm{ ...Одан әрі біраз көлемді алгебралық түрлендірулер жүргізіледі де, .. } \\ &= \frac{1}{12}n(n+2) \end{align*}\]

  • Бірқалыпты таралған кездейсоқ айнымалы: \(Z \sim U[a, b]\), (жалпы жағдай)
    • \(Z = Y + a, n = b - a\) байқайық
    • \(Var(Y + a) = Var(Y)\)

\[var(Z) = \frac{1}{12}(b-a)(b-a+2)\]