4  Санаттық айнымалылар

Санаттық айнымалылар

Енді санаттық айнымалыларға көшейік және олармен не істеуге болатынын қысқаша қарастырайық. Бұл жерде бәрі әлдеқайда оңай.

Деректер

state homeownership application_type
NJ MORTGAGE individual
HI RENT individual
WI RENT individual
PA RENT individual
CA RENT joint
KY OWN individual
MI MORTGAGE joint
AZ MORTGAGE individual
NV MORTGAGE individual
IL RENT individual

Біз “Несиелер” деректер жиынымен жұмыс істейміз. Бұл — АҚШ-тағы Lending Club платформасы арқылы берілген несиелер туралы деректер. АҚШ-та банктерге балама ретінде қызмет көрсететін көптеген микроқаржы ұйымдары бар, олардың бірі — өзара қолдау қағидатына негізделген Lending Club платформасы. Мұны былай елестетуге болады: сіз басқа қатысушылармен бірге ортақ қорға тұрақты түрде қаражат салып отырасыз. Егер қауымдастық мүшелерінің біріне белгілі бір жобаға қаржы қажет болса, ол осы қордан қарыз ала алады. Бұл рәсімдеу жағынан кәдімгі несиеге ұқсайды. Негізгі айырмашылығы — мұнда банктік қызметті ұйымдастыруға кететін шығындар болмайды. Қатысушылар бір-біріне қаражатты тікелей береді, сондықтан несие бойынша пайыздық мөлшерлеме төмен болады. Мысалы, банк арқылы жылдық 15% мөлшерлемемен несие алудың орнына, мұнда өзара қолдау қағидатының арқасында оны шамамен 10% мөлшерлемемен алуға болады.

Бұл деректер жиынында үш айнымалы бойынша \(10000\) бақылау бар:

  • state: Несие берілген штат
  • homeownership: Тұрғын үй мәртебесі— өтініште адам өз үйі өзіне тиесілі ме (OWN), ипотекамен алынған (MORTGAGE) әлде жалға алып тұра ма (RENT) — соны көрсетуі керек болған.
  • application_type: Өтінім түрлері — жеке өтініштер (individual), өтінішті өзіңіз берген кезде немесе бірнеше адамның бірге беретін өтініштері(joint).

Мысалы, кестедегі алғашқы несие АҚШ-тың Нью-Джерси штатында берілген, ал қарыз алушы ипотекасы бар тұрғын үйде тұрады. Егер қызық болса, бұл платформа туралы толығырақ мына жерден оқуға болады: https://en.wikipedia.org/wiki/LendingClub>

Жиіліктер

Санаттық айнымалылармен не істеуге болады? Ең қарапайым тәсіл — деңгейлердің жиілігін есептеу, яғни әр санаттың қаншалықты жиі кездесетінін анықтау.

Егер бізде бір ғана айнымалы болса, онда әр санаттың салыстырмалы жиілігін есептеуге болады. Мысалы, homeownershipайнымалысы бойынша қарап, қанша өтінім ипотекамен тұратын адамдардан түскенін, қаншасы үйін жалға алып тұратындардан келгенін және қаншасы өз үйі бар адамдардан келгенін көреміз.Нәтижесінде жауаптардың шамамен қалай бөлінгенін байқаймыз: несие алуға өтініш бергендердің ішінде ең көбі — ипотека төлеп жүргендер, одан кейін жалға алушылар, ал ең аз үлес — өз үйі бар адамдарға тиесілі.

homeownership n
MORTGAGE 4789
OWN 1353
RENT 3858

Сол сияқты өтінім түрі бойынша да қарауға болады (application_type): өтінім берушілердің басым бөлігі жеке түрде жүгінген, ал шамамен 15%-ы бірлесіп, ортақ өтінім берген.

application_type n
individual 8505
joint 1495

Визуализация

Жиілік кестелері негізінде бағанды диаграмма (barcharts) құруға болады. Мұнда кестедегі мәндер бағандар арқылы көрсетіледі, ал әр бағанның биіктігі тиісті санаттың жиілігін немесе салыстырмалы жиілігін білдіреді.

(a) Тұрғын үй мәртебесі: жиіліктер
(b) Тұрғын үй мәртебесі: үлестер
Сурет 4.1: Бағанды диаграммалар

Дәл солай өтінім түрі бойынша

Түйіндестік кестесі (сontingency table)

Енді екі айнымалының бірлескен таралуын қарастырып көрейік.

Мысалы, бізде өтінімнің түрі мен тұрғын үй мәртебесі туралы деректер бар делік. Осы екі көрсеткіштің өзара қалай үйлесетінін қарай аламыз. Мұндай кесте түйіндестік кестесі деп аталады. Мысалы, 3839 өтінім ипотекасы бар адамдардың жеке берген өтінімдері болса, 950 өтінім ипотекасы бар адамдардың бірлесіп берген өтінімдері. Әзірге біз тек нақты сандық көрсеткіштерді ғана көріп отырмыз.

application_type MORTGAGE OWN RENT
individual 3839 1170 3496
joint 950 183 362

Маргиналдық (marginal) үлестірім

Егер маргиналдық үлестірімдерді есептесек, яғни кестедегі деректерді жолдар мен бағандар бойынша қосатын болсақ, әр көрсеткіштің өзіне тән жалпы көрінісін аламыз. Басқаша айтқанда, әр белгіні жеке қарастырғандағы үлестірімге қайта ораламыз. Мысалы, 8505 пен 1495 саны өтінімдердің түрлері қалай бөлінгенін көрсетеді. Ал мына үш сан тұрғын үй мәртебесі санаттары бойынша қалай бөлінгенін сипаттайды.

table(loans$application_type, loans$homeownership) %>%
  addmargins()
            
             MORTGAGE   OWN  RENT   Sum
  individual     3839  1170  3496  8505
  joint           950   183   362  1495
  Sum            4789  1353  3858 10000

Жолдар мен бағандар бойынша үлестер

Дегенмен, талдауды әрі қарай жалғастырып, нақты сандардың орнына үлестерді пайдалана аламыз. Үлестердің артықшылығы — олардың іріктеме көлеміне тәуелсіз болуы. Сол себепті оларды басқа зерттеулердің нәтижелерімен де салыстыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар жалпы үлестерді ғана емес, жолдық және бағандық үлестерді де есептеп көруге болады.

Бұл не? Елестетіп көріңіз: біз тек қанша адам қандай жауап бергенін санап қана қоймаймыз. Оның орнына бір ғана топтың ішінде — жеке өтінімдер деңгейінде қарастырамыз. Сол топтың ішінде қанша адамның ипотекасы бар, қаншасы өз үйінде тұрады, қаншасы жалға алады — соны пайызбен есептейміз. Бұл үшін не істейміз? Бір жолдағы барлық сандарды қосып, 8505 жалпы санды шығарамыз. Сосын әр санды сол жалпыға бөліп шығамыз. Сөйтіп, жол ішіндегі үлестерді табамыз. Нәтижесінде бір көрсеткіштің санаттары екінші көрсеткішке байланысты қалай өзгеретінін байқай аламыз.

Жолдар бойынша “өтінім түрі” санаттары туралы деректер бар. Байқағанымыздай, жеке өтінімдерде ипотекасы барлардың үлесі 45% болса, бірлескен өтінімдерде ол 63%-ға дейін жетеді, яғни 20%-ға жоғары. Бұл нені білдіреді? Бірлесіп өтініш бергендердің ішінде ипотекасы бар адамдар көбірек кездеседі. Мұны былай түсіндіруге болады: көбіне отбасы құрған адамдар ипотеканы бірге рәсімдеп, несиеге де бірге өтінім береді. Яғни олардың отбасы ретінде әрекет етуі бірлескен өтінім беруін жеңілдетуі мүмкін.

Осылайша біз бұл екі айнымалы арасында белгілі бір байланыс барын байқай бастаймыз. Яғни, бір айнымалының мәндеріне қарай екінші айнымалы бойынша үлестердің қалай өзгеретінін қарап отырмыз. Енді маңызды тұжырымға келейік. Қазір біз үлестермен жұмыс істеп отырмыз: 45%, 13%, 41% сияқты мәндерді көреміз. Бірақ пайыздар тағы нені білдіреді? Ықтималдықты. Сондықтан бұл кестені басқаша түсіндіруге болады. Егер біз осы деректерден кездейсоқ бір адамды таңдап алсақ және оның жеке өтінім бергенін білсек, онда оның ипотекасы болу ықтималдығы 45%, өз үйінің иесі болу ықтималдығы 13,8%, ал жалға алушы болу ықтималдығы 41% болады.

Егер осыны бірлескен өтінімдерге қолдансақ, басқа нәтиже көреміз. Мұнда ипотекасы барлардың үлесі 63%, ал жеке өтінімдерде 45% болатын. Ал жалға алушылардың үлесі керісінше төмен — 24%, ал жеке өтінімдерде 41% еді. Бұл нені көрсетеді? Бір көрсеткіштің мәніне қарай екіншісінің құрылымы өзгеріп отырады. Демек, бұл екі айнымалы бір-бірімен байланысты. Себебі бір санаттың өзгеруі екіншісіндегі үлестерге әсер етіп тұр. Осы ойды есте сақтаңыз: кейін біз бұл байланысты нақты анықтап, айнымалылардың тәуелді және тәуелсіз жағдайын формалды түрде қарастырамыз

  • Ол үшін әр жолдағы әрбір мәнді сол жолдың жалпы қосындысына бөлуге болады
            
             MORTGAGE   OWN  RENT   Sum
  individual     3839  1170  3496  8505
  joint           950   183   362  1495
  Sum            4789  1353  3858 10000
            
             MORTGAGE   OWN  RENT   Sum
  individual    0.451 0.138 0.411 1.000
  joint         0.635 0.122 0.242 1.000
  Sum           0.479 0.135 0.386 1.000

Біз қазір жолдармен жұмыс істедік, бірақ дәл осылай бағандармен де жұмыс істеуге болады. Өйткені қай айнымалыны жолға, қайсысын бағанға қою — шартты таңдау ғана. Сол сияқты, енді бағандарды қараймыз: әр бағандағы мәндерді қосып, жалпы санын табамыз. Сосын сол баған ішіндегі әр мәнді жалпыға бөлеміз. Нәтижесінде біз ұқсас көрініс аламыз, тек енді екінші айнымалы тұрғысынан қарастырамыз. Мысалы, егер адам ипотекасы бар болса, яғни өтінім ипотекалық клиенттен түскенін білсек, онда оның жеке өтінім беру ықтималдығы 80% болады.

Егер өтінім пәтер иесінен түскен болса, оның жеке өтінім болу ықтималдығы — 86%. Ал жалға алушыдан келсе — 90%. Осыдан біз әлеуметтік шындықтың шағын көрінісін байқаймыз: ипотекада тұратын адамдар жеке өтінімдерді сирек береді, ал жалдамалы үйде тұратындар мұндай өтінімдерді жиірек береді.

            
             MORTGAGE   OWN  RENT   Sum
  individual     3839  1170  3496  8505
  joint           950   183   362  1495
  Sum            4789  1353  3858 10000
            
             MORTGAGE   OWN  RENT   Sum
  individual    0.802 0.865 0.906 0.851
  joint         0.198 0.135 0.094 0.150
  Sum           1.000 1.000 1.000 1.000

Түйіндестік кестелері және бағандық диаграммалар

Осы кестелермен визуалды түрде жай ғана бағандық диаграмма құруға болады. Бірақ енді бізде екі айнымалы болғандықтан, бағандарды бір айнымалының деңгейлері бойынша орналастырып, ал бағандардың өзін екінші айнымалының салыстырмалы үлестерін көрсететіндей етіп бояп көрсетуге болады.

  • Байланыс кестелері және жолдар/бағандар бойынша үлестер санаттық айнымалылар арасындағы байланысты түсінуге көмектеседі.
  • Байланыс кестелерді визуалды түрде көрсетуге болады, мысалы…
    • Қабатталған бағандық диаграмма (stacked barplot)
    • Топтастырылған бағандық диаграмма (side-by-side barplot)
    • Стандартталған бағандық диаграмма (standardized barplot)

Қабатталған диаграммадан бастайық.Мысалы, тұрғын үй мәртебесін алайық: бізде бағандардың биіктігі әртүрлі. Енді сол бағандардың ішін бөлеміз — бір бөлігі бірлескен өтінімдерге, екінші бөлігі жеке өтінімдерге сәйкес келеді. Бірақ мұндай түрде үлестер кейде анық көрінбеуі мүмкін. Біз жай ғана деңгейлерді бірінің үстіне бірін қоямыз (қабаттап көрсетеміз).

Оның орнына деңгейлерді бірінің үстіне бірін қоймай, оларды бөлек алып, топтастырылған бағандық диаграмма жасаймыз. Сонда бір айнымалының екінші айнымалының әр деңгейі бойынша қалай бөлінетінін анық көре аламыз.

Үлестермен жұмыс істеуді жеңілдету үшін бағандарды бірдей өлшемге келтіруге болады — әрқайсысының биіктігін бірдей етіп, 1-ге тең қыламыз. Сосын сол бағанның ішінде екінші көрсеткіштің қанша үлес алатынын көрсетеміз. Барлық бағандарды бірдей биіктікке келтіреміз, содан кейін оларды екінші айнымалының деңгейлері бойынша үлестерге бөлеміз. Осылайша үлестерді анық көруге болады.

  • Қабатталған диаграмма қай айнымалы түсіндіруші, қайсысы нәтиже екенін нақты білетін кезде тиімді. Алдымен деректерді түсіндіруші айнымалы бойынша топтаймыз, содан кейін әр топтың ішін екінші айнымалының санаттарына бөліп көрсетеміз.

  • Топтастырылған диаграмма әр топтағы бақылаулар санын жақсырақ көруге мүмкіндік береді

  • Стандартталған диаграмма деңгейлер арасында теңсіздік болған кезде ыңғайлы: бір деңгейге бақылаулардың басым бөлігі тиесілі болған жағдайларда.

  • Кейде әр санаттық айнымалының деңгейі үшін бөлек панельдер құрып көрсетуге болады.

Дөңгелек диаграммаларға (pie-charts) тыйым салынған!

Визуализация деректеріне қатысты жалпы көзқарас бар: дөңгелек диаграммалар көбіне тиімсіз деп есептеледі. График не үшін керек? Деректердің қалай бөлінгенін тез әрі жеңіл түсіну үшін. Яғни қай санат басым, қайсысы одан кейін, қайсысы үшінші екенін бірден көру үшін. Бағандық диаграммада мұны оңай байқаймыз. Ал дөңгелек диаграммада бөліктерді бір-бірімен салыстыру қиын: ең үлкенін шамамен аңғаруға болады, бірақ қалғандарының арақатынасын көзбен дәл ажырату оңай емес. Сондықтан көптеген жағдайда дөңгелек диаграммалар қолданылмайды, тек өте сирек жағдайларда ғана пайдаланылады.

(a) Бағандық диаграмма
(b) Дөғгелек диаграмма
Сурет 4.2: Бағандық және дөңгелек диаграммалар

Сандық ~ Санаттық айнымалылар

Енді бір айнымалы сандық, ал екіншісі санаттық болған жағдайды қарастырайық. Мұндай жағдайда не істеуге болады? Жалпы тәсіл мынадай

  1. Сандық көрсеткішті санаттық айнымалының әр санатына сәйкес жеке топтарға бөлеміз.
  2. Сандық айнымалыны график арқылы көрсетеміз
    • қорапша диаграммалармен (boxplots)
    • немесе мөлдір гистограммалар арқылы
  3. Графиктерді іріктемелік статистикалармен толықтырамыз
    • орташа мән
    • медиана
    • стандарттық ауытқу
    • және басқа

Қорапша диаграмма (boxplot)

Алдымен қандай да бір категориялық айнымалы таңдалады. Біздің мысалда бұл — АҚШ округінің метрополитендік аймаққа кіретін-кірмейтінін сипаттайтын белгі. Содан кейін әр топ үшін жеке “қорапша” салынады. Қорапшаның өзі интерквартильдік ауқымды көрсетеді. Оның төменгі шекарасы — бірінші квартиль, яғни бақылауларды 25-75 болып бөлетін мән. Жоғарғы шекарасы — үшінші квартиль, яғни бақылауларды 75-25 арақатынасында бөлетін мән. Ал қорапшаның ортасындағы қара сызық — медиана. Осы элементтердің барлығы бірге үлестірімнің ортасын және бақылаулардың орталық 50%-ы орналасқан аралықты көрсетеді.

Қорапшаның екі жағында мұртшалар (whiskers) орналасады. Олар бақылаулардың басым бөлігінің қандай аралықта жатқанын, яғни мәндердің шамамен қандай шектерде өзгеретінін көрсетеді. Ал мұртшалардың сыртында орналасқан нүктелер - шеткі мәндер (outliers).

Шын мәнінде, қорапша диаграммасын бір ғана сандық айнымалы үшін де құруға болады. Дегенмен ол көбіне санаттық айнымалы болған жағдайда тиімді қолданылады, өйткені сандық айнымалының үлестірімі санаттық айнымалының әртүрлі деңгейлері бойынша қалай өзгеретінін салыстыруға мүмкіндік береді. Бұл мысалда күтілетін нәтижені байқауға болады: метрополитендік аймақтардың құрамына кіретін округтерде үй шаруашылықтарының медианалық табысы жоғарырақ, шамамен 50 мың АҚШ доллары деңгейінде. Ал метрополитендік аймақтарға кірмейтін округтерде бұл көрсеткіш едәуір төмен. Әрине, екі топта да шеткі мәндер кездеседі. Мысалы, метрополитендік аймақтарға кірмейтін округтердің арасында табысы өте жоғары бірнеше округ бар. Керісінше, метрополитендік аймақтар құрамындағы кейбір округтерде үй шаруашылықтарының табысы салыстырмалы түрде төмен. Сонымен, егер бір айнымалы санаттық, ал екіншісі сандық болса, олардың арасындағы айырмашылықтарды көрнекі түрде салыстыру үшін қорапша диаграммасы өте қолайлы құрал болып табылады.