5  Ықтималдық теориясының негізгі ұғымдары

Ықтималдық туралы интуитивті түсінік

Бұл бөлімде біз тиынды және текшені бірнеше рет лақтырамыз. Бұлар — ықтималдық теориясындағы негізгі “тәжірибелік құралдар”. Ең алдымен ықтималдық ұғымын интуитивті тұрғыдан қарастырайық. Ол аса күрделі емес. Мұны тексеру үшін алты қырлы текшеге қатысты төмендегі бірнеше сұраққа жауап беріп көріңіз.

  • 1 санының түсу ықтималдығы қандай?
  • 1 немесе 2 санының түсу ықтималдығы қандай?
  • 1, 2, 3, 4, 5 немесе 6 санының түсу ықтималдығы қандай?
  • 7 санының түсу ықтималдығы қандай?
  • 2 санынан басқа кез келген санның түсу ықтималдығы қандай?
  • Екі текшені қатар лақтырғанда, екі текшеде де 1 санының түсу ықтималдығы қандай?

Жауаптар:

  • 1 санының түсу ықтималдығы қандай? Жауабы: \(1/6\)
  • 1 немесе 2 санының түсу ықтималдығы қандай? Жауабы: \(1/3\)
  • 1, 2, 3, 4, 5 немесе 6 санының түсу ықтималдығы қандай? Жауабы: \(1\)
  • 7 санының түсу ықтималдығы қандай? Жауабы: \(0\)
  • 2 санынан басқа кез келген санның түсу ықтималдығы қандай? Жауабы: \(5/6\)
  • Екі текшені қатар лақтырғанда, екі текшеде де 1 санының түсу ықтималдығы қандай? Жауабы: \(1/36\)

Көпшілік сұраққа формальды анықтамаларды білмей-ақ дұрыс жауап берген боларсыз. Бұл тарауда сол интуитивті түсінікті математикалық тұрғыдан нақтылап, оны дәл ғылыми тілде сипаттауды үйренеміз. Кейінгі статистикалық ұғымдар мен әдістердің барлығы осы негізге сүйенеді.

Ықтималдық — математикалық есептеуге негізделген парасатты пайым (Лаплас)

Кездейсоқ оқиға және ықтималдық моделі

Қайрат күн сайын кофеханаға кофе алуға барады. Кейде оған кезек күтуге тура келеді. Кезекте қанша адам болатынын алдын ала білу мүмкін емес: олардың саны 0, 1, 2, 3 және одан да көп болуы мүмкін, ал Қайрат мұны алдын ала біле алмайды. Сондықтан кезектегі адамдар саны кездейсоқ оқиға болып саналады.

Кездейсоқ оқииға (random phenomenon) - нәтижесі алдын ала белгісіз кез келген жағдай. Яғни оқиға міндетті түрде болады, бірақ оның нақты қандай нәтижемен аяқталатынын алдын ала айту мүмкін емес. Мысалы, тиын немесе текше лақтыру, жеке тұлғалар дерекқорынан ЖСН-ды кездейсоқ таңдау, нысанаға дротик лақтыру — мұның бәрі кездейсоқ оқиғаларға жатады. Ықтималдық теориясы осындай құбылыстарды математикалық тұрғыдан сипаттайды. Мұндай сипаттама ықтималдық моделі деп аталады.

Ықтималдық моделі — кездейсоқ құбылысты математикалық тұрғыдан сипаттау тәсілі. Ол үш негізгі элементтен тұрады:

  1. Кездейсоқ оқиға. Кездейсоқ оқиғаның нәтижесі бақылау (observation) немесе сынақ (trial) деп аталады: “Тиынды екі рет лақтырдық” = “Екі бақылау/сынақ”
  2. Кездейсоқ оқиғаның барлық мүмкін нәтижелерінің жиыны — Нәтижелер кеңістігі (Sample Space или Support). \(\Omega\) әрпімен белгіленеді.
  3. Нәтижелер кеңістігіндегі әрбір нәтижеге ықтималдықты сәйкестендіретін ереже Ықтималдық үлестірімі деп аталады.

Осы элементтердің әрқайсысына жеке тоқталайық.

Кездейсоқ айнымалы

Кейбір жағдайда кездейсоқ оқиғаның нәтижесі сан түрінде беріледі. Мұндай айнымалыны кездейсоқ айнымалы (random variable) деп атаймыз. Нақтысында, кездейсоқ оқиға мен кездейсоқ айнымалының айырмашылығы бұдан біршама күрделірек. Алайда әзірге осы қарапайым түсініктің өзі жеткілікті. Кездейсоқ айнымалылар әдетте латын әліпбиінің бас әріптерімен, мысалы \(X\) немесе \(Y\), белгіленеді.

  • \(X\) тиынды лақтыру нәтижесі

  • \(Y\) текшені лақтыру нәтижесі

  • \(U\) Астанада кездейсоқ таңдалған бір күндегі жол-көлік оқиғаларының саны

  • \(X\) и \(Y\) шаршы нысанаға лақтырылған дротиктің түсу координаталары

Нәтижелер кеңістігі

Кездейсоқ айнымалы белгілі бір мәндер қабылдайды. Осындай мүмкін мәндердің барлығын алдын ала тізіп көрсету ыңғайлы. Мұндай мүмкін нәтижелер жиыны Нәтижелер кеңістігі (Sample space) деп аталады. Бұл кездейсоқ оқиғаның негізгі элементтерінің бірі болғандықтан, ол әдетте грек әліпбиінің \(\Omega\) (Омега)әрпімен белгіленеді.

Формалды түрде Нәтижелер кеңістігі — математикалық мағынадағы жиын. Сондықтан оны сипаттағанда жиындар теориясының арнайы таңбалары мен белгілеулері қолданылады. Бұл белгілердің барлығын терең меңгерудің қажеті жоқ. Бізге бірнеше негізгі белгілеудің мағынасын түсіну жеткілікті. Мысалы, тиынды лақтырғанда екі ғана нәтиже болуы мүмкін: бүк немесе шік (тиынның екі жағы). Мұны былай жазуға болады:

\(\Omega = \{Бүк, Шік\}\), немесе дәлірек, \(X \in \{Бүк, Шік\}\). Бірінші жағдайда нәтижелер кеңістігі екі элементтен — “бүк” пен “шіктен” — тұратыны көрсетілген. Мұндағы \(\{..\}\) фигуралы жақшалары жиынды белгілеу үшін қолданылады. Екінші жағдайда кездейсоқ айнымалының мәндері \(\{Бүк, Шік\}\) жиынына тиесілі екені көрсетілген. Жиындар теориясында \(\in\) таңбасы “тиесілі” немесе “жиынның элементі” дегенді білдіреді.

Басқа кездейсоқ оқиғалар мен кездейсоқ айнымалылар үшін нәтижелер кеңістігін мынадай түрде көрсетуге болады:

  • Текшені лақтыру: \(\Omega = \{1, 2, 3, 4, 5, 6\}\), немесе \(Y \in \{1, 2, 3, 4, 5, 6\}\)
  • Астанада кездейсоқ таңдалған бір күндегі жол-көлік оқиғаларының саны: \(\Omega = \mathbf{Z}^{+}\), немесе \(U \in \mathbf{Z}^{+}\)
  • Дротикті шаршы нысанаға лақтыру: \(\Omega = \{(x, y)| 0 \leq x,y \leq 1\}\), или \((X,Y) \in \{(x, y)| 0 \leq x,y \leq 1\}\)

Нәтиже мен оқиға

Енді бастапқыда болмашы айырмашылық сияқты көрінетін, бірақ кейін өте маңызды болатын бір ұғымдық айырмашылықты қарастырайық.

  • Нәтиже (outcome) - кездейсоқ оқиға аяқталғаннан кейін алынатын нақты нәтиже. Нәтиже Нәтижелер кеңістігінің (\(\Omega\)) бір элементі. Нәтижелер әдетте \(x\) немесе \(y\) сияқты кіші латын әріптерімен белгіленеді.
    • Мысалы, текшені лақтырғанда \(X = 1\) болса, бұл бір саны түсті дегенді білдіреді.
  • Оқиға (Event) - Нәтижелер кеңістігінің кез келген ішкі жиыны: \(A \subset \Omega\). Оқиғалар әдетте бас латын әріптерімен белгіленеді.

Оқиға бір ғана нәтижеден тұруы мүмкін. Мысалы, \(A = \{Бүк\}\), Сонымен қатар оқиға бірнеше нәтижені де қамтуы мүмкін. Мысалы, тиынды екі рет лақтырғанда \(A\) оқиғасы — бірінші лақтыруда бүк түсуі болсын. Бұл жағдайда оқиға екі нәтижеден тұрады: \(A = \{ББ, БШ\}\). Мұндағы Б — бүк, ал Ш — шік. Мұны былай елестетуге болады: нәтижелер атомдарға ұқсайды — олар әрі қарай бөлінбейтін ең қарапайым элементтер. Ал оқиғалар молекулалар сияқты: олар бір немесе бірнеше нәтижеден құралуы мүмкін.

Оқиғаларға қолданылатын амалдар

Оқиғалар жиын болғандықтан, оларға жиындарға қолданылатын барлық амалдарды қолдануға болады.

Оқиғалардың бірігуі, \(\mathbf{A} \cup \mathbf{B}\), немесе \(A\), немесе \(B\) оқиғаларының кемінде бірі орындалғанда жүзеге асатын барлық нәтижелердің жиыны. Бұл логикадағы НЕМЕСЕ амалына сәйкес келеді

\[A \cup B = \{x|x \in A \textrm{ НЕМЕСЕ } x \in B\}\]

Оқиғалардың Қиылысуы, \(\mathbf{A} \cap \mathbf{B}\), және \(A\), және \(B\) оқиғалары бір мезгілде орындалғанда жүзеге асатын барлық нәтижелердің жиыны. Бұл логикадағы ЖӘНЕ амалына сәйкес келеді.

\[A \cap B = \{x|x \in A \textrm{ И } x \in B\}\]

Мысал. \(A\) оқиғасы — автобустағы кездейсоқ таңдалған жолаушының жүкті әйел болуы; \(B\) оқиғасы — кездейсоқ таңдалған жолаушының зейнеткер болуы. Онда \(A\cup B\) бірігуі жүкті әйелдерге немесе зейнеткерлерге арналған орынға отыруға құқығы бар жолаушыны білдіреді. Ал \(A \cap B\) қиылысуы бір мезгілде жүкті әрі зейнеткер жолаушыға сәйкес келеді.

Тағы бір маңызды ұғым — оқиғаның толықтауышы. Ол бастапқы оқиғаның орындалмауын білдіреді. Толықтауыш \(А^c\) арқылы белгіленеді. \(А\) және \(А^c\) оқиғалары бірін-бірі толықтырып, нәтижелер кеңістігін толық қамтиды: \(А^c \cup A = \Omega\). Мысалы, \(A\) - Астанада таңертең қар жауады, ал \(B\) - қаладағы кептеліс деңгейі 8 балдан асады деген оқиғалар болсын. Онда \(A^c \cup B\) оқиғасы Астанада таңертең қар жаумайды НЕМЕСЕ кептеліс деңгейі 8 балдан асады дегенді білдіреді.

Қиылысатын және қиылыспайтын оқиғалар

Тиынды екі рет лақтырып, келесі үш оқиғаны қарастырайық:

  • A: бірінші лақтыруда бүк түсуі: \(\{ББ, БШ\}\)
  • B: екінші лақтыруда шік түсуі: \(\{БШ, ШШ\}\)
  • C: бірінші лақтыруда шік түсуі: \(\{БШ, ШШ\}\)

Онда \(A \cup B = \{ББ, БШ, ШШ\}\), ал \(A \cap B = \{БШ\}\). Ал \(A \cup C = \{ББ, БШ, ШБ, ШШ\}\), \(A \cap C = \emptyset\): себебі бірінші лақтыруда бір мезгілде бүк те, шік те түсуі мүмкін емес.

Екі оқиғаның ортақ нәтижелері болмаса, олар қиылыспайтын (disjoint) немесе бірін-бірі жоққа шығаратын (mutually exclusive) оқиғалар деп аталады. Жоғарыдағы мысалда \(A\) және \(C\) қиылыспайтын оқиғалар, өйткені \(A \cap C = \emptyset\).

Бұл айырмашылық не үшін қажет? Ол оқиғалардың бірігуіндегі нәтижелер санын қалай есептеу керектігін анықтайды. (Жиындағы элементтер саны тік сызықшалармен белгіленеді: \(|A|\).)

Егер оқиғалар қиылыспайтын болса, онда олардың бірігуіндегі нәтижелер саны жай ғана қосылады:

  • Семейден келген 4 студент, \(A\) жиыны; Өскеменнен келген 10 студент, \(B\) жиыны
  • Шығыс Қазақстан облысынан қанша студент бар? Онда \(|A\cup B| = 4 + 10 = 14\)

Ал оқиғалар қиылысатын болса, абай болу керек:

  • 5 студенттің мысығы бар (\(A\)); 3 студенттің иті бар (\(B\))
  • 1 студенттің әрі мысығы, әрі иті бар, яғни: \(A \cap B\)
  • Онда үй жануары бар студенттердің жалпы саны: \(|A\cup B| = 5 + 3 - 1 = 7\)

Мысығы да, иті де бар студентті екі рет санап қойдық. Сондықтан оны бір рет шегеру қажет. Осы қағиданы есте сақтаңыз. Келесі бөлімде дәл осы тәсіл ықтималдықтарды есептеу ережесі ретінде қайта кездеседі.

Ықтималдықтың таралуы

Енді ықтималдық моделінің үшінші элементіне көшейік. Мүмкін болатын нәтижелерді анықтағаннан кейін, олардың әрқайсысына белгілі бір ықтималдық тағайындауымыз керек, яғни \(P(X = x_i)\). Ықтималдықтар қалай анықталса да, ықтималдықтың таралуы мына үш негізгі ережеге бағынады:

  1. \(P(\emptyset) = 0\) - мүмкін емес оқиғаның (бос жиынның) ықтималдығы нөлге тең.
  2. \(P(\Omega) = 1\) - \(\Omega\) нәтижелер кеңістігіндегі міндетті түрде бір нәтиже жүзеге асады.
  3. Егер \(A\) және \(B\) қиылыспайтын оқиғалар болса (\(A\cap B = \emptyset\)), онда \(P(A\cup B) = P(A) + P(B)\)

Мысалдар:

  • Тиын: \(P(X = Бүк) = 1/2\) и \(P(X = Шік) = 1/2\)
    • тиын әділ болған жағдайда
  • Текше: \(P(Y = 1) = 1/6\), \(P(Y = 2) = 1/6\) және т.б.
  • Дротик пен шаршы нысана: \(P(X = x, Y = y) = 0\). Неге?
    • Нәтижелер кеңістігі шексіз: шаршының ішінде нүктелер саны шексіз көп. Сондықтан дәл бір ғана нүктеге түсу ықтималдығы нөлге тең.
    • Сондықтан біз оқиға ұғымын енгіздік. Оқиғаның ықтималдығы нөлден үлкен болуы мүмкін. Мысалы, \(P(X > 1/2, Y > 1/2) = 1/4\) (яғни дротиктің шаршының оң жақ жоғарғы ширегіне түсу ықтималдығы)

Енді қайтадан текше мысалына оралып, ықтималдық ережелерін қолданып көрейік.

  • 2-ден аспайтын санның түсу ықтималдығы қандай? \(P((X = 1) \cup (X = 2))\)
    • Оқиғалар қиылыспайды, сондықтан: \(P((X = 1) \cup (X = 2)) = P(X = 1) + P(X = 2) = 1/6 + 1/6 = 1/3\)
  • Жұп санның түсу ықтималдығы қандай?
    • \(P(X \in \{2, 4, 6\}) = 3*1/6 = 1/2\)
  • Жұп сан немесе 2-ден аспайтын сан түсу ықтималдығы қандай? Дәл осы жерде мысығы да, иті де бар студент туралы мысалдағы тәсіл қажет болады.
    • \(A\): жұп сан, \(\{2, 4, 6\}\)
    • \(B\): 2-ден аспайтын, \(\{1, 2\}\)
    • \(A \cap B\): жұп және 2-ден аспайтын: \(\{2\}\) — 2 саны екі рет есептеліп кетпеуі керек!

\[\begin{align*} P(A \cup B) &= P(A) + P(B) - P(A \cap B) \\ P(A \cup B) &= 3/6 + 2/6 - 1/6 = 4/6 = 2/3 \end{align*}\]

Бұл формула қосу–алу формуласы деп аталады және кез келген оқиғалар үшін орындалады: егер оқиғалар қиылыспайтын болса, онда \(P(A \cap B) = 0\). Мұндай жағдайда формула ықшамдалып, ықтималдықтың үшінші ережесіне айналады.

Ықтималдық теориясы және статистика

Соңында статистика мен ықтималдық теориясының байланысына тоқталайық. Бұл екі сала бір-бірімен тығыз байланысты, бірақ олардың зерттеу бағыттары қарама-қарсы.

  • Ықтималдық теориясы ықтималдық моделінен басталып осы модель тудыратын деректер туралы қорытынды жасайды.
    • Модель \(\rightarrow\) Деректер
    • Мысалы: егер қандай да бір оқиғаның ықтималдығы \(p = 0.2\) болса, 100 сынақ жүргізгенде бұл оқиға орта есеппен қанша рет қайталанады?
  • Статистика керісінше деректерден басталып осы деректерді тудыруы мүмкін модель туралы қорытынды жасайды.
    • Деректер \(\rightarrow\) Модель
    • Мысалы: біз 100 сынақтың ішінде белгілі бір оқиғаның 20 рет болғанын байқадық. Осы бақылауға сүйене отырып, оқиғаның ықтималдығын қалай бағалауға болады?

Келесі тарауларда осы ұғымдар жүйесін әрі қарай дамытамыз: жаңа ақпарат пайда болған кезде ықтималдықтарды қайта есептеуді (шартты ықтималдық), күрделі оқиғалардың ықтималдығын қарапайым оқиғалар арқылы құруды (толық ықтималдық формуласы және Байес формуласы), сондай-ақ кездейсоқ шамалармен тереңірек танысуды үйренеміз.

Есептер

Өзіндік жаттығуға арналған тапсырмалар: OpenIntro Statistics, 3.8, 3.9, 3.10, 3.11 есептерін орындаңыз.