
6 Шартты ықтималдық және Ықтималдық диаграммалары
Шартты ықтималдық
Мысал қарастырайық. 12 студенттің ішінен 5 – әлеуметтану мамандығының студенттері, 4 жатақханада тұрады, ал 3 әрі жатақханада тұрады, әрі әлеуметтану мамандығында оқиды. Енді осы 12 студенттің ішінен \(1\) кездейсоқ таңдайық. Оның әлеуметтану мамандығының студенті болуының ықтималдығы қандай? \(P(\textrm{Социолог}) = 5/12 \approx 0.42\).
Енді кездейсоқ таңдалған студент туралы қосымша ақпарат белгілі болды: оның жатақханада тұратыны анықталды. Осы ақпарат студенттің әлеуметтану мамандығында оқуының ықтималдығын қалай өзгертеді?
Енді қарастыру ауқымы барлық 12 студентті емес, тек қосымша шартқа сәйкес келетін, яғни жатақханада тұратын төрт студентті ғана қамтиды. Сол төрт студенттің үшеуі әлеуметтану мамандығында оқиды. Сондықтан студенттің жатақханада тұратыны белгілі болған кездегі оның әлеуметтану мамандығында оқуының шартты ықтималдығы \(P(\textrm{Жатақханада тұратын әлеуметтану студенті}) = 3/4\).
Осылайша, біз шартты ықтималдық ұғымымен таныстық. Шартты ықтималдық — белгілі бір оқиға болғаны белгілі болған кездегі екінші оқиғаның ықтималдығы. Шартты ықтималдық әдетте төмендегідей белгіленеді:
\[P(A|B) = \textrm{B оқиғасы болған кездегі A оқиғасының ықтималдығы}\]
Шартты ықтималдықтың анықтамасы,
\[P(A|B) = \frac{P(A \cap B)}{P(B)}\]
Яғни \(B\) оқиғасы болған кездегі \(А\) оқиғасының шартты ықтималдығы \(А\) мен \(B\) оқиғаларының бір мезгілде орын алу ықтималдығын \(B\) оқиғасының ықтималдығына бөлу арқылы анықталады. Бұл – шартты ықтималдықтың анықтамасы. Сондықтан оны дәлелдеудің қажеті жоқ, біз тек жаңа ұғымды енгізіп отырмыз.
Шартты ықтималдықтың анықтамасы күткен нәтижені бере ме? Мұны қарапайым мысалмен тексерейік. Студенттің әлеуметтану мамандығында оқитыны белгілі болса, оның осы мамандықта оқуының ықтималдығы, әрине, 1-ге тең. Өйткені бұл — бізге бастапқыдан белгілі ақпарат. Енді осы нәтиженің анықтамадан тікелей шығатынын көрсетейік.
Бұл жағдайда оқиға да, шарт та бірдей болғандықтан, анықтама \(P(B|B) = \frac{P(B \cap B)}{P(B)}\). Ал \(P(B \cap B) = P(B)\), сондықтан \(P(B|B) = \frac{P(B)}{P(B)}=1\). Демек, нәтиже күткендей шықты. Бұл мысал шартты ықтималдық анықтамасының қисынды әрі дұрыс құрылғанын көрсетеді. Сонымен қатар, бұл анықтама тек осындай қарапайым жағдайларда ғана емес, әлдеқайда күрделі есептерде де қолданылады.
Шартты ықтималдық туралы есте сақтайтын ең маңызды жайт – оның кәдімгі ықтималдықтан түбегейлі айырмашылығы жоқ. Ықтималдықтарға қатысты қолданылатын барлық қағидалар мен қасиеттер шартты ықтималдыққа да қолданылады. Айырмашылығы тек ықтималдық есептелетін жағдайға байланысты. Кәдімгі ықтималдықта барлық мүмкін нәтижелер қарастырылады. Ал шартты ықтималдықта белгілі бір оқиғаның орын алғаны алдын ала белгілі болғандықтан, мүмкін нәтижелер жиыны өзгереді. Соған сәйкес ықтималдықтар да жаңадан есептеледі
Шартты ықтималдық ұғымын нақтырақ түсіну үшін бірнеше мысал қарастырайық. Сонымен қатар, осы мысалдар арқылы қолданылатын белгілеулермен де танысамыз.
Жаттығу: Төрт қырлы кубикті екі рет лақтыру. Төмендегі оқиғаларды қарастырайық: \(\mathbf{B}: min(d_1,d_2) = 2\), \(\mathbf{M_1}: max(d_1,d_2) = 2\), \(\mathbf{M_2}: max(d_1,d_2) = 1\). Осы оқиғалар үшін төмендегі ықтималдықтарды табайық:
\(P(M_1|B) = ?\)
\(P(M_2|B) = ?\)
Алғашында бұл мысал күрделі болып көрінуі мүмкін. Мысалы, \(max(d_1, d_2)\) нені білдіреді? Шын мәнінде, мұндағы идея өте қарапайым. Текше екі рет лақтырылғандықтан, екі сан алынады. Солардың үлкенін \(max(*)\) функциясы қайтарады. Егер екі сан бірдей болса, олардың кез келгенін алуға болады, өйткені нәтиже өзгермейді. Ал \(min\) функциясы дәл осыған ұқсас, тек екі санның кішісін қайтарады. Мысалы,
\(max(1, 2) = 2\); \(min(1, 2) = 1\)
\(max(4, 3) = 4\); \(min(4, 3) = 3\)
\(max(3,3) = 3\); \(min(3, 3) = 3\)
Енді ықтималдықтарды есептейік.
\[P(M_1|B) = \frac{P(M_1 \cap B)}{P(B)}\]
немесе: вероятность, Ең үлкені де, ең кішісі де 2-ге тең болатын жағдайдың ықтималдығын, минимум 2-ге тең болу ықтималдығына бөлеміз.
Алдымен бөлімнен (бөлгіштен) бастайық: ең кішісі 2-ге тең болатын нәтижелер санын тауып, оны барлық мүмкін нәтижелер санына бөлеміз.
\[P(B) = \frac{|\{(1, 2); (2, 1); (2, 2)\}|}{16} =\frac{3}{16}\]
Сол сияқты алымын есептейміз: максимум мен минимум бір уақытта 2-ге тең болатын нәтижелер санын барлық мүмкін нәтижелер санына бөлеміз.
\[P(M_1 \cap B) = \frac{|\{(2, 2)\}|}{16} = \frac{1}{16}\]
Осыған сәйкес,
\(P(M_1|B) = \frac{P(M_1 \cap B)}{P(B)} = \frac{1}{3}\)
Дәл осы әдіспен \(P(M_2|B) = 0\) екенін табамыз, өйткені ең кіші мәні 2, ал ең үлкен мәні 1 болатын нәтиже болуы мүмкін емес.
\(P(M_2|B) = \frac{P(M_2 \cap B)}{P(B)} = \frac{0}{3/16} = 0\)
Ықтималдық диаграммасы
Шартты ықтималдық бізді ықтималдық теориясындағы аса маңызды формулалардың біріне алып келеді. Оны бірден қарастырмай, төмендегі мысалды кезең-кезеңімен күрделендіре отырып шығарып көреміз.
Мысалы, статистикалық деректерге сәйкес, репродуктивті жастағы әйелдердің 1%-ы жүкті. Демек, кездейсоқ таңдалған әйелдің жүкті болу ықтималдығы 1%-ға тең. Бұл оқиғаны \(А\) деп белгілейік. Онда \(P(A) = 0.01\).
Енді жүктілікті анықтайтын тест бар деп алайық. Тест екі жағдайда оң нәтиже көрсетуі мүмкін: әйел шынымен жүкті болғанда (ақиқат оң нәтиже) және әйел жүкті болмаса да (жалған оң нәтиже). Жүктілік (A) пен тесттің оң нәтиже көрсетуі (B) арасындағы байланысты төмендегі диаграммадан көруге болады.
Диаграмманың бірінші тармағындағы сандар әйелдің жүкті болу ықтималдығын, яғни ешқандай шарт қойылмағандағы ықтималдықты көрсетеді. Ал екінші тармақтағы сандар — шартты ықтималдықтар. Диаграммадағы әр тармақты оқиғаның даму мүмкін болатын сценарийі ретінде қарастыруға болады. Алдымен әйелдің шынымен жүкті немесе жүкті емес екенін анықтаймыз. Содан кейін осы жағдайлардың әрқайсысында тесттің оң нәтиже көрсету ықтималдығын қарастырамыз.
Дәл осы ақпаратты төмендегідей түрде де жазуға болады.
- \(P(B|A) = 0.98\), \(P(B|A^c) = 0.05\)
Оқиғалардың бірлескен ықтималдығы
Шартты ықтималдық формуласынан бөлімді теңдіктің екінші жағына көшірсек
\[P(A|B) = \frac{P(A \cap B)}{P(B)} <=> P(A \cap B) = P(B)*P(A|B)\] болады
Сөзбен айтқанда: \(А\) және \(B\) оқиғаларының бір уақытта орын алу ықтималдығы \(B\) оқиғасының ықтималдығын \(B\) орындалған жағдайда \(А\) оқиғасының шартты ықтималдығына көбейткенге тең. Екі оқиғаның қайсысын негізгі оқиға, ал қайсысын шарт ретінде алудың айырмашылығы жоқ. Сондықтан кері бағыттағы теңдік те дұрыс болады
\[P(B|A) = \frac{P(A\cap B)}{P(A)} <=> P(A\cap B) = P(A)*P(B|A)\]
Біздің мысалда кездейсоқ таңдалған әйелдің әрі жүкті болуы, әрі тестінің оң нәтиже көрсету ықтималдығын есептей аламыз.
\(P(A \cap B) = P(A)P(B|A) = 0.01*0.98 = 0.0098\)