7  Толық ықтималдық және Байес формуласы

Толық ықтималдық

Енді бастапқы мысалға қайта оралайық. \(P(A \cap B)\) ықтималдығы белгілі болса, осы мәлімет арқылы \(B\) оқиғасының ықтималдығын анықтай аламыз ба? \(B\) оқиғасы екі жағдайда орын алуы мүмкін: \(А\) оқиғасы орындалғанда және \(А^c\) оқиғасы орындалғанда. Бұл екі жағдай бір уақытта қатар орын алмайды және \(B\) оқиғасының барлық мүмкін жағдайларын толық қамтиды. Сондықтан,

\[\begin{align*} P(B) &= P(A \cap B) + P(A^c \cap B) \\ &= P(A)P(B|A) + P(A^c)P(B|A^c) \\ &= 0.01*0.98 + 0.99*0.05 \\ &= 0.0593 \end{align*}\]

Мұндағы негізгі ой мынада: тесттің оң нәтиже көрсетуі (\(B\)) екі түрлі жағдайда мүмкін. Біріншісі — әйелдің жүкті болуы (\(A\)), екіншісі — әйелдің жүкті болмауы (\(A^c\)). Сондықтан тесті оң нәтиже көрсеткен әйелдер екі бір-бірімен қиылыспайтын топқа бөлінеді: біріншісі — тесті оң нәтиже көрсетіп, шынымен жүкті болғандар (\(A \cap B\)); екіншісі — тесті оң нәтиже көрсеткенімен, жүкті болмағандар (\(A^c \cap B\)).

Енді тесттің нәтижесі оң болған жағдайда \(B\) әйелдің жүкті болу ықтималдығына \(A\) қайта оралайық. Бұған дейін “әйел жүкті және тесті оң нәтиже көрсетті” оқиғасының ықтималдығын есептеген едік:

\[P(A \cap B) = P(A)*P(B|A)\]

Сонымен қатар, тесттің оң нәтиже көрсету ықтималдығын да есептеген едік

\[P(B) = P(A \cap B) + P(A^c \cap B)\]

Осы мәндерді шартты ықтималдық формуласына қойсақ, мына нәтиже болады:

\[P(A|B) = \frac{P(A \cap B)}{P(B)} = \frac{0.0098}{0.0593} = 0.165\]

Сонымен, тесттің нәтижесі оң болса, әйелдің шынымен жүкті болу ықтималдығы осындай болады - \(16.5\%\). Бұл бір қарағанда күтпеген нәтиже сияқты көрінеді: тесттің дәлдігі \(98\%\) болғанымен, оң нәтиже алған әйелдің жүкті болу ықтималдығы айтарлықтай жоғары емес.

Шын мәнінде, мұнда таңғаларлық ештеңе жоқ. Жүкті болу бастапқыдан-ақ сирек кездесетін оқиға (\(P(A) = 0.01\)). Сондықтан тесттің дәлдігі өте жоғары болса да, оң нәтиже алған әйелдің жүкті болмау ықтималдығы әлі де жүкті болу ықтималдығынан жоғары болуы мүмкін.

Мұндай жағдай ықтималдық теориясында жиі кездеседі. Жоғарыдағы формуланы толықырақ жазсақ, толық ықтималдық екі қосылғыштың қосындысынан тұратынын байқаймыз. Сонымен қатар осы қосылғыштардың біреуі бөлшектің алымында да орналасқан.

\[P(A|B) = \frac{P(A \cap B)}{P(B)} = \frac{\color{red}{P(A \cap B)}}{\color{red}{P(A \cap B)} + P(A^c \cap B)}\]

\(P(A\cap B)\) қосылғышы жалпы ықтималдыққа аз ғана үлес қосады. Себебі ол екі ықтималдықтың көбейтіндісі, ал олардың бірінің мәні өте төмен:

\[P(A \cap B) = \underbrace{P(A)}_{0.01}\underbrace{P(B|A)}_{0.98}\]

Ал бөлімдегі екінші қосылғыш — \(P(A^c\cap B)\) — толық ықтималдыққа көбірек үлес қосады. Себебі \(P(A^c)\) ықтималдығының мәні жоғары:

\[P(A^c \cap B) = \underbrace{P(A^c)}_{0.99}\underbrace{P(B|A^c)}_{0.05}\]

Байес формуласы

Енді осының бәрін бір формула түрінде жазып, оның мәніне назар аударайық

\[P(A|B) = \frac{\color{red}{P(A)}\color{blue}{P(B|A)}}{ \underbrace{P(B)}_{ \color{red}{P(A)}\color{blue}{P(B|A)} + \color{red}{P(A^c)}\color{blue}{P(B|A^c)}}}\]

Айқын көріну үшін шартты ықтималдықтар көк түспен, ал шартсыз ықтималдықтар қызыл түспен белгіленді. Бұл — Байес формуласы. Оның маңызы — \(P(B|A)\) ықтималдықтың негізінде \(P(А|B)\) ықтималдықты анықтауға мүмкіндік беруінде. Біздің мысалда бастапқыда жүктілік кезінде тесттің оң нәтиже көрсету ықтималдығы белгілі болды. Осы мәліметті пайдалана отырып, тесттің нәтижесі оң болған жағдайда әйелдің жүкті болу ықтималдығын есептеп шығардық.

Бұл мысалды тағы бір қырынан қарастырайық. Алдымен біз жүктіліктің бастапқы ықтималдығын \(P(A)\) білдік. Одан кейін тесттің оң нәтижесі туралы жаңа ақпарат алдық. Соның нәтижесінде жүктіліктің жаңартылған ықтималдығын \(P(A|B)\) анықтадық.

Байес формуласын екі ғана емес, бірнеше балама жағдай қарастырылатын есептерде де қолдануға болады. Жалпы алғанда, бұл формула жаңа ақпаратты ескеріп, бастапқы ықтималдықтарды қайта бағалауға мүмкіндік береді.

Енді осыны бекіту үшін бастапқыда үш балама жағдай берілген мысалды қарастырайық.

Таңғы ас мысалы

Бір адам жұмысқа барар алдында белгілі ықтималдықтармен үш түрлі таңғы астың бірін әзірлейді: омлет (\(А_1\)), қуырылған жұмыртқа (\(А_2\)) немесе скрэмбл (\(А_3\)).[^chapter06_1-1] Әр тағамды дайындауға кететін уақыт әртүрлі болғандықтан, жұмысқа кешігу ықтималдығы да таңдалған таңғы асқа тәуелді болады.

Бізге барлық \(P(A_i)\) және \(P(B|A_i)\) ықтималдықтары белгілі

Енді бір күні бұл адамның жұмысқа уақытында келгенін көрдік делік. Сонда мынадай қызық сұрақ туындайды: ол таңғы асқа не жеді? Бастапқы ықтималдықтар ((\(P(A_i)\))) мен таңғы астың әр түріне сәйкес кешігу ықтималдықтары (\(P(B|A_i)\)) белгілі болса, оның омлет, қуырылған жұмыртқа әлде скрэмбл дайындағанын анықтай аламыз ба?

Мұны да оңай анықтауға болады. Алдымен \(P(A_i \cap B)\) түріндегі бірлескен ықтималдықтарды есептейміз.

Шартты ықтималдықтың анықтамасы бойынша, \(P(A_i|B) = \frac{P(A_i \cap B)}{P(B)}\), енді бұл теңдікті басқа түрде жазуға болады \(P(A_i \cap B) = P(A_i)P(B|A_i)\)

Сонда мындай нәтиже болады,

  • \(P(A_1 \cap B) = P(A_1)P(B|A_1) = 0.25\)
  • \(P(A_2 \cap B) = P(A_2)P(B|A_2) = 0.18\)
  • \(P(A_3 \cap B) = P(A_3)P(B|A_3) = 0.16\)

Одан кейін \(B = (A_1 \cap B) \cup (A_2 \cap B) \cup (A_3 \cap B)\) екенін байқаймыз. Мұның мағынасы: “жұмысқа уақытында келу оқиғасы үш жағдайдың бірінде орын алады: адам омлет дайындап, уақытында келеді; қуырылған жұмыртқа дайындап, уақытында келеді; немесе скрэмбл дайындап, уақытында келеді”.

Сондықтан:

\[\begin{align*} P(B) &= P(A_1 \cap B) + P(A_2 \cap B) + P(A_3 \cap B) \\ &= P(A_1)*P(B|A_1) + P(A_2)*P(B|A_2) + P(A_3)*P(B|A_3) \\ &= 0.25 + 0.18 + 0.16 \\ &= 0.59 \end{align*}\]

Енді \(B\) оқиғасы орын алғаны белгілі болса, \(P(A_i)\) ықтималдықтарын қайта есептей аламыз ба? Әрине. Жаңартылған ықтималдықтарды \(P(A_i|B)\) деп белгілейік. Онда \[P(A_i|B) = \frac{P(A_i)*P(B|A_i)}{P(B)} = \frac{P(A_i)*P(B|A_i)}{\sum_j{P(A_j)*P(B|A_j)}}\]

Нақты сценарийлер үшін \(P(A_i)P(B|A_i)\) мәндерін формулаға қойып, ықтималдықтарды қайта есептейміз.

\(P(A_1|B) = \frac{P(A_1)*P(B|A_1)}{\sum_{j=1}^{3}{P(A_j)*P(B|A_j)}} = 0.42\)

\(P(A_2|B) = \frac{P(A_2)*P(B|A_2)}{\sum_{j=1}^{3}{P(A_j)*P(B|A_j)}} = 0.31\)

\(P(A_3|B) = \frac{P(A_3)*P(B|A_3)}{\sum_{j=1}^{3}{P(A_j)*P(B|A_j)}} = 0.27\)

Көріп отырғанымыздай, Баейс формуласы жаңа ақпаратты ескере отырып, бастапқы ықтималдықтарды қайта есептеуге мүмкіндік береді.

Тәуелсіздік

Оқиғалардың тәуелсіздігі ұғымы статистикадағы ең маңызды ұғымдардың бірі болып саналады. Бақылаулардың тәуелсіздігі туралы жорамалға статистикалық әдістердің басым бөлігі (мысалы, сызықтық регрессия) негізделген. Ендеше, бұл ұғымның мәнін қарапайым мысал арқылы түсініп көрейік.

Біз тағы да тиынды лақтырамыз. Бүк түсу ықтималдығы \(1/2\)-ге тең. Енді қосымша ақпарат берілді делік: сыртта жаңбыр жауып тұр. Осы ақпараттан кейін бүктің түсуінің шартты ықтималдығы өзгере ме? Түйсігімізге сүйенсек, өзгермеуі керек. Өйткені тиын лақтыру нәтижесі мен жаңбырдың жаууы бір-біріне әсер етпейді, яғни бұл — тәуелсіз оқиғалар.

Енді мұны математикалық түрде жазайық. \(A\) оқиғасы — тиынның бүк жағының түсуі, ал \(B\) оқиғасы — “жаңбыр жауып тұр” деген оқиға. Онда жоғарыдағы тұжырымды былай сипаттауға болады:

\[P(A|B) = P(A)\]

Демек, бүк түсуінің шартты ықтималдығы оның шартсыз ықтималдығына тең. Басқаша айтқанда, жаңбыр жауып тұр ма, жоқ па — тиынның қай жағы түсетініне оның ешқандай әсері жоқ. Осындай жағдайда оқиғалар тәуелсіз деп аталады.

Дегенмен мұнда бір ескеретін жайт бар. Шартты ықтималдықтың анықтамасына сәйкес, бөлімдегі оқиғаның ықтималдығы нөлге тең болмауы керек.

\(\frac{P(A \cap B)}{P(B)}\) формуласы \(P(B)\neq0\) болғанда ғана мағынаға ие болады. Бұл айтарлықтай қиындық туғызбайды. Алайда математикада анықтамалардың қосымша шарттарға тәуелді болмағаны жөн. Сондықтан тәуелсіздіктің анықтамасын беру үшін алым мен бөлімнің орындарын ауыстырып, оған балама теңдікті қолданады.

\(\frac{P(A \cap B)}{P(B)} = P(A) \rightarrow P(A \cap B) = P(A)P(B)\)

Сөйтіп, оған балама теңдік кез келген жағдайда орындалатынын байқадық.

\[P(A \cap B) = P(A)P(B)\]

Осылайша, жоғарыдағы теңдік тәуелсіздіктің анықтамасы болып саналады.

Екі оқиға олардың бірлескен ықтималдығы шартсыз ықтималдықтарының көбейтіндісіне тең болса, тәуелсіз деп аталады.

Бұл анықтаманың тәуелсіз және тәуелді оқиғаларды қалай ажырататынын сандық мысалдар арқылы қарастырайық.

  • \(А\) - қалада қар жауып тұр; \(B\) - тиынды лақтырғанда бүк түсті.

  • \(P(A) = 0.1\), а \(P(B|A) = 0.5\) — қардың жаууы тиынның түсуіне әсер етпейді, сондықтан \(P(A \cap B) = P(A)*P(B|A) = 0.05\)

  • Сонымен қатар, \(P(A) * P(B) = 0.1 * 0.5 = 0.05\) — шартсыз ықтималдықтардың көбейтіндісі бірлескен ықтималдыққа тең. Демек, бұл оқиғалар тәуелсіз.

  • Енді \(С\) - жолдағы кептеліс болсын, және \(P(C) = 0.2\), бірақ \(P(C|A) = 0.5\) — өйткені қар жауған кезде кептелістің пайда болу ықтималдығы артады.

  • Онда \(P(A\cap C) = P(A)*P(C|A) = 0.05\)

  • Ал \(P(A)*P(C) = 0.1*0.2 = 0.02 \neq 0.05\) — бұл жағдайда шартсыз ықтималдықтардың көбейтіндісі бірлескен ықтималдыққа тең емес. Демек, оқиғалар тәуелді.

Жаттығулар

Ж1. Адамдардың шамамен \(9\%\) — солақай. Енді Қазақстан халқының арасынан кездейсоқ \(2\) адам таңдалды делік. Таңдалған адамдар саны халықтың жалпы санымен салыстырғанда өте аз болғандықтан, бұл екі таңдауды тәуелсіз деп есептеуге болады.(a) Екі адамның да солақай болу ықтималдығы қандай?(b) Екі адамның да оңқай болу ықтималдығы қандай?

Жауаптар:

a) \(P(Солақай \cap Солақай) = P(Солақай)P(Солақай) = 0.09 * 0.09 = 0.0081\)

b) \(P(Оңқай \cap Оңқай) = P(Оңқай)*P(Оңқай) = (1 - 0.09) * (1-0.09) = 0.8281\)

У2. Енді кездейсоқ \(5\) адам таңдайық

  1. Бесеуінің де оңқай болу ықтималдығы қандай?

  2. Бесеуінің де солақай болу ықтималдығы қандай?

  3. Бесеуінің бәрі бірдей оңқай болмау ықтималдығы қандай?

Жауаптар:

a)

\[\begin{align*} P(\textrm{бесеуі де оңқай}) &= P(\textrm{бірінші = оңқай, екінші = оңқай, ..., бесінші = оңқай}) \\ &= P(Оңқай)\times P(Оңқай)\times \dots \times P(Оңқай) \\ &= 0.91\times 0.91 \times 0.91 \times 0.91 \times 0.91 \\ &= 0.624 \end{align*}\]

b) Дәл осындай тәсілмен есептегенде: \(0.09^5 = 0.0000059\)

c) Толықтауыш оқиғаның ықтималдығын пайдалансақ, \(P(\textrm{бесеуінің бәрі бірдей оңқай емес}) = 1 - P(\textrm{бесеуінің бәрі оңқай}) = 1 - 0.624 = 0.376\)