2  Бақылау зерттеуі және Эксперимент. Іріктеме мен Популяция.

Бақылау зерттеулері және Эксперименттер

Зерттеу дизайндарының екі негізгі түрі бар: бақылау зерттеулері және эксперименттер. Мұндағы дизайн дегеніміз — деректердің қалай жиналатынын көрсететін тәсіл. Қарапайым түрде айтқанда, бақылау зерттеулерінде деректер “өз қалпында” алынады. Яғни олар зерттеушінің бақылауынан тыс жүретін сыртқы үдерістер арқылы қалыптасады. Бақылау зерттеулердің ең қарапайым мысалы — сауалнама.

Бір қарағанда сауалнама ең сәтті мысал емес сияқты көрінуі мүмкін, өйткені деректерді зерттеуші өзі жинайды: интервьюер респонденттің жауаптарын анкетаға енгізеді. Алайда теориялық тұрғыдан маңыздысы — біз респондентке еркін жауап беруге мүмкіндік беріп, үдерістің барысына араласпаймыз.

Бақылау зерттеуден айырмашылығы — экспериментте міндетті түрде кездейсоқ тағайындалған әсер болады. Іріктеме кездейсоқ түрде бақылау және эксперименттік топтарға бөлінеді.

Бақылау зерттеулері мен эксперименттердің түбегейлі айырмашылығы бар. Бақылау зерттеулері айнымалылар арасындағы байланысты ғана көрсетуге мүмкіндік береді, ал эксперименттер бір құбылыстың екіншісіне ықпалын анықтауға жол ашады. Мысалы, егер біз ЖІӨ мен орташа өмір сүру ұзақтығы туралы деректерді жинап, ЖІӨ жоғары елдерде адамдардың орташа есеппен ұзақ өмір сүретінін байқасақ, бұл ЖІӨ-нің артуы өмір сүру ұзақтығын көбейтеді деген қорытынды жасауға жеткіліксіз. Басқаша айтқанда, мұндай деректер себеп–салдарлық байланысты дәлелдемейді.

Ал эксперименттер, керісінше, бір құбылыстың екіншісіне ықпалын анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, егер біз кездейсоқ таңдалған елдерде ЖІӨ деңгейін қандай да бір жолмен әдейі арттырып, кейін сол елдерде өмір сүру ұзақтығының да өскенін байқасақ, онда ЖІӨ-нің артуы адамдардың ұзақ өмір сүруіне әсер етеді деген қорытынды жасауға негіз болар еді.

Түсініктірек болу үшін студенттерге қатысты мысалды қарастырайық.

Ұйқы мен бағалар

Біз ұйқы тәртібінің оқу үлгерімімен қандай байланысы бар екенін білгіміз келеді. Ол үшін кездейсоқ таңдалған студенттердің қай уақытта оянатынын және GPA көрсеткішін жазып аламыз. Егер ерте оянатын студенттердің үлгерімі кеш оянатын студенттерден жоғары болса, онда бұл екі көрсеткіштің өзара байланысты екенін байқаймыз.

Ал эксперименттік зерттеу басқаша ұйымдастырылады. Алдымен кездейсоқ таңдалған студенттерден іріктеме құрып, кейін оларды тағы да кездейсоқ түрде екі топқа бөлеміз. Бірінші, эксперименттік топтағы студенттерге ерте ояну тәртібі енгізіледі. Бұл — эксперименттік әсер. Ал екінші, бақылау тобы бұрынғы күн тәртібін сақтайды. Егер біраз уақыттан кейін эксперименттік топтағы студенттердің оқу үлгерімі жақсарса, онда ерте оянудың үлгерімге әсер ететіні туралы қорытынды жасауға болады.

Бұл екі дизайн арасындағы негізгі айырмашылық — экспериментте ояну уақыты зерттеуші тарапынан белгіленеді, ал бақылау зерттеуінде оған ешкім араласпайды. Ендеше, кездейсоқ түрде енгізілген осындай әсер неліктен себеп–салдарлық байланысты анықтауға мүмкіндік береді?

Бақылау зерттеулерінде біз нәтижеге де, оны түсіндіретін айнымалыға да ықпал етуі мүмкін барлық факторларды қадағалай алмаймыз. Мысалы, спортпен тұрақты айналысатын студенттер ертерек оянып, сонымен қатар жақсы оқуы мүмкін. Бұл жағдайда оқу үлгерімінің жоғары болуына ұйқы тәртібі емес, спортпен шұғылдану себеп болуы ықтимал. Оның үстіне спортпен айналысу ұйқы тәртібіне де әсер етеді. Сондықтан ұйқы тәртібі мен оқу үлгерімі арасында тікелей байланыс бар сияқты әсер қалыптасады. Осындай, әрі нәтижеге, әрі түсіндіруші айнымалыға ықпал ететін сыртқы факторлар шатастырушы айнымалылар (confounding variables) деп аталады. Бақылау зерттеулерінің басты қиындығы — мұндай факторлардың барлығын ескеріп шығу мүмкін емес. Сондықтан әрдайым бақылауға алынбаған қандай да бір сыртқы әсердің айнымалылар арасындағы байланыстың көрінісін тудыру ықтималдығы сақталады. Басқаша айтқанда, бізді қызықтыратын айнымалының әсерін басқа факторлардың әсерінен толық ажырата алмаймыз.

Бірақ эксперименттер бұл мәселені қалай айналып өтеді? Шешімі — кездейсоқ тағайындау. Іріктеме кездейсоқ түрде екі топқа бөлінеді: біріне әсер етіледі, ал екіншісі өзгеріссіз қалады. Кездейсоқ бөлудің арқасында екі топ орта есеппен барлық жағынан ұқсас болады — әрі байқалатын, әрі байқалмайтын сипаттары бойынша. Олардың арасындағы негізгі айырмашылық — бір топ ерте ояну тәртібіне көшіріледі, ал екіншісі әдеттегі қалпын сақтайды. Егер кейін екі топтың оқу нәтижелерінде айырмашылық байқалса, бұл айырмашылықты ерте оянудың әсері деп түсіндіруге болады. Себебі кездейсоқ бөлу басқа факторлардың ықпалын теңестіреді, сондықтан байқалған өзгерістің негізгі себебі енгізілген әсер болып саналады.

Популяция және іріктеме

ерттеу дизайнының басқа да маңызды элементтеріне популяция мен іріктеме жатады. Бұған дейін бұл терминдерге қысқаша тоқталған едік. Енді осы ұғымдардың мағынасын нақтылап өтетін уақыт келді.

Мысалы, Астана қаласында жұмысқа қоғамдық көлікпен тұрақты қатынайтын тұрғындардың үлесін анықтағымыз келсін. Мұндай сұраққа ең дәл жауап беру үшін қаладағы барлық жұмыс істейтін тұрғындарды қамтып, сауалнама жүргізу қажет болар еді. Іс жүзінде бұл мүмкін емес. Дегенмен, егер барлық тұрғындар туралы дерек жинауға мүмкіндік болған жағдайда, қойылған сұраққа нақты жауап алуға болар еді. Зерттеушіні қызықтыратын және теориялық тұрғыдан зерттеуге жататын барлық бірліктердің жиынтығы популяция немесе бас жиынтық деп аталады. Яғни популяция — зерттеу нысаны бола алатын барлық бірліктердің толық жиынтығы.

БАРЛЫҚ АДАМДЫ ТҮГЕЛ қамту мүмкін емес болғандықтан, зерттеу үшін бас жиынтықтың белгілі бір бөлігін таңдап аламыз. Осы таңдап алынған топ іріктеме деп аталады. Зерттеушілер іріктемеден алынған деректерге сүйене отырып, бүкіл бас жиынтық туралы қорытынды жасайды. Мысалы, сауалнамаға қатысқан адамдардың \(37\%\) жұмысқа автобуспен қатынайтыны анықталса, онда қаладағы барлық жұмыс істейтін тұрғындар арасында да бұл көрсеткіш соған жуық болады деп есептеуге болады.

Іріктеме нәтижелері бүкіл зерттелетін топтың ерекшеліктерін қаншалықты дәл көрсете алады? Басқаша айтқанда, іріктеме арқылы жасалған қорытындыларды барлық зерттеу нысандарына таратуға бола ма? Іріктемені қалыптастырудың түрлі жолдары бар. Алайда олардың бәрі бірдей сапалы нәтиже бере ме? Қай тәсіл зерттелетін топты неғұрлым дұрыс сипаттайды? Осыны мысалдар арқылы қарастырып көрейік.

  • достарыңның арасында сауалнама жүргізу.

  • онлайн сауалнама жүргізіп, оған қатысу туралы ақпаратты медиа арқылы тарату.

  • сауда орталығының кіреберісінде тұрып, ішке кірген әрбір оныншы адамға сауалнама жүргізу.

  • Астананың әр ауданынан кездейсоқ түрде 25 мекенжай таңдап алып, сол үйлердің тұрғындарына телефон шалу.

  • Астана қаласында тұратын жеке тұлғалар дерекқорынан жасына сәйкес келетін 100 ЖСН-ді кездейсоқ таңдап алып, сол адамдармен байланысу.

Осы стратегиялардың қайсысы сіздің ойыңызша тиімдірек?

Репрезентативтік

Жақсы іріктеме популяцияның құрылымын көрсетуі тиіс. Егер популяцияда адамдардың \(37\%\) жұмысқа автобуспен қатынайтын болса, онда іріктемеде де осыған ұқсас үлес сақталуы керек. Іріктеменің құрылымы популяция құрылымына сәйкес келген жағдайда оны репрезентативті іріктеме деп атаймыз. Мұндай жағдайда іріктемеден алынған нәтижелерді бүкіл популяцияға жалпылауға болады.

Репрезентативті іріктемені қалай қалыптастырады? Популяциядағы әрбір бірлік іріктемеге түсуге бірдей мүмкіндікке ие болуы керек. Яғни іріктеме толықтай кездейсоқ түрде құрастырылуы керек. Мұндай іріктеме қарапайым кездейсоқ іріктеме деп аталады және ол ең сенімді, «алтын стандарт» ретінде қарастырылады. Бірақ іс жүзінде толық кездейсоқтыққа қол жеткізу оңай емес, сондықтан басқа да тәсілдер қолданылады. Соның ішінде стратификацияланған немесе кластерлік іріктеме бар. Бірінші жағдайда популяция ортақ белгілері бар топтарға — страталарға бөлінеді де, әр стратадан кездейсоқ түрде іріктеу жүргізіледі. Екінші жағдайда популяция әртүрлі топтарға — кластерлерге бөлінеді. Одан кейін не кластерлердің өзі кездейсоқ таңдалады, не олардың ішінен кездейсоқ түрде бақылау бірліктері іріктеледі.

Іріктеме тағы неге әсер етеді? Бұл сұраққа кейінірек толығырақ тоқталамыз, алайда іріктеменің сипаты зерттеу нәтижелерінің қателік мөлшеріне тікелей ықпал етеді. Қарапайым кездейсоқ іріктемеде қателік деңгейі барынша төмен болады және оны есептеу де салыстырмалы түрде оңай. Ал стратификацияланған немесе кластерлік сияқты күрделірек іріктеу тәсілдерінде қателікті есептеу үшін күрделірек әдістер қолданылады. Статистиканың негізгі қағидаларын түсіну үшін мұндай есептеулердің егжей-тегжейін білу міндетті емес. Сондықтан алдағы бөлімдерде іріктеме қарапайым кездейсоқ іріктеу тәсілімен қалыптастырылған деп қарастырамыз.

Іріктеме құру кезінде неден сақ болу керек?

Жалғастырмас бұрын, сапасыз іріктемелер туралы қысқаша тоқталып өтейік. Негізінде іріктеменің сапасын төмендететін басты себеп біреу ғана — оның кездейсоқ іріктелмеуі. Осындай жағдайлардың қалай пайда болатынына қарай сапасыз іріктеменің үш негізгі түрін ажыратуға болады:

  • Қолжетімді іріктеме (convenience sampling). Мысалы, сауалнаманы тек өз достарыңыздың арасында жүргізу.

  • Ерікті іріктеме (voluntary response sample). Ерікті іріктеу онлайн сауалнамаларда жиі кездесетін мәселе, себебі адамдардың сауалнамаға қатысуы олардың қызығушылықтарына, көзқарастарына немесе басқа да ерекшеліктеріне тәуелді болуы мүмкін. Мысалы, егер “Жануарларға қатыгездік жасағаны үшін жазаны қатаңдатуды қолдайсыз ба?” деген онлайн сауалнама жарияланса, оған бұл мәселені маңызды деп санайтын адамдардың жауап беру ықтималдығы жоғары болады.

  • Жауап беруден бас тарту (non-response sampling). Мысалы, жеке сипаттағы немесе ыңғайсыз сұрақтар қойылғанда, кейбір респонденттер жауап бермеуі мүмкін.

Тарихи тұрғыдан сапасыз іріктеменің мысалы: Лэндон мен Рузвельт.

Сапасыз іріктемелер жиі кездеседі, бірақ кейде бір ғана қате іріктеме тұтас журналдың беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Мұндай жағдай 1936 жылы АҚШ-та өткен президент сайлауы кезінде болған: республикалық кандидат Альфред Лэндон мен биліктегі демократ Франклин Делано Рузвельт бақ сынады.

Сол кездегі танымал журнал The Literary Digest бүкіл ел бойынша шамамен 10 миллион сауалнама таратып, сайлаушылардан кімге дауыс беретінін көрсетуін сұрайды. Журналға шамамен 2,4 миллион жауап келіп түседі, сол деректерді өңдей отырып, Лэндон 57% дауыспен жеңеді деген қорытынды жасайды. Алайда сайлау нәтижесінде Рузвельт айқын басымдықпен жеңіске жетеді (62%). Болжам мен нақты нәтиженің арасындағы шамамен 20%-дық айырмашылық журналдың беделіне қатты нұқсан келтіріп, 1938 жылы оның сатылуына алып келеді.1

Бұл жағдайдың ерекше тұсы — қате болжам өте үлкен дерекке сүйеніп жасалғанында. Тіпті қазіргі өлшеммен алғанда да бұл өте ауқымды іріктеме еді. Бір қарағанда, \(2.4\) миллион адамның пікірі қате болуы мүмкін емес сияқты көрінеді, тіпті олар бүкіл халықтың құрылымын дәл қайталамаса да. Бірақ уақыт өте келе іріктеменің үлкен болуы әрдайым дұрыс нәтиже бермейтіні белгілі болды.

Халық арасында бұл қателіктің себебі журнал өз сауалнамаларын тек жазылушыларына, автокөлік иелеріне және телефоны бар үй шаруашылықтарына жіберген деген түсінік кең тараған. Ал 1930-жылдардың ортасында АҚШ Ұлы депрессияның ең ауыр кезеңдерінің бірін бастан кешіріп жатқан еді, сондықтан іріктемені құрастыру тәсілі табысы жоғары адамдарға көбірек бағытталғандай көрінеді. Мұндай топтар, әдетте, республикалық кандидаттарды қолдауға бейім деп есептелген.

Неғұрлым терең зерттеулер бұл қателіктің басты себебі ретінде сауалнамаға қатысқан адамдардың едәуір бөлігі жауап бермей қалғанын, соның нәтижесінде деректердің бұрмаланғанын көрсетеді.2 Көріп отырғанымыздай, сапасыз іріктемелердің пайда болуына бірнеше фактор әсер етеді.

Іріктемелік статистика vs.Популяция параметрі

Жоғарыдағы мысалды ресми тұрғыдан қарастырып, алдағы тарауларда жиі қолданылатын негізгі ұғымдарды енгізейік. Журнал популяциядағы адамдардың Рузвельтке (немесе Лэндонға) дауыс беретін үлесін бағалағысы келді. Бұл үлесті \(\mu\), ал \(N\) әрпімен популяциядағы жалпы санды, яғни дауыс беруге құқығы бар барлық америкалықтарды көрсетейік. Ресми түрде журнал мынаны анықтағысы келді:

\[\mu = \frac{\sum_{i=1}^{N}x_i}{N} \\ \textrm{— нақты әрі белгісіз популяция параметрі}\]

Параметрді бағалау үшін журнал іріктеме жинады. Оның көлемін \(n\) деп белгілейік және іріктемелік статистиканы есептеді (яғни іріктемедегі адамдардың Рузвельтке дауыс беруді жоспарлайтын үлесін). Бұл шаманы \(\overline{x}\) деп белгілейік.

\[\bar{x} = \frac{\sum_{i = 1}^{n}x_i}{n} \textrm{- іріктемелік статистика}\]

Енді айырмашылықты нақтырақ сезініп көрейік. Іріктемелік статистика — белгілі шама, біз оны есептеп аламыз. Ал популяция параметрі — белгісіз, өйткені біз бүкіл бас жиынтық туралы толық ақпарат ала алмаймыз. Соған қарамастан, іріктемелік статистика сол параметрді шамамен анықтауға қызмет етеді. Яғни ол белгісіз шаманы ең ықтимал түрде сипаттайтын мән. Мұндай бағалау болғандықтан, оның қателігі де болады.

Математикалық статистиканың негізгі бөлігі осы қателікті сандық тұрғыдан сипаттауға арналған: іріктемелік статистика кездейсоқ түрде шынайы параметрден қаншалықты ауытқуы мүмкін екенін бағалау.

Кездейсоқтық пен қателік іріктемені қалыптастыру тәсілінен туындайды, өйткені оған әртүрлі бақылаулар түседі. Егер іріктеме сапалы, яғни толық кездейсоқ болса, оған әртүрлі сипаттағы деректер — толық спектрден алынған бақылаулар енеді. Соның нәтижесінде алынған орташа мән бүкіл жиынтықты жақсырақ сипаттай алады.

Іріктеме дұрыс құрылмаған жағдайда, яғни барлық бақылаудың іріктемеге түсу мүмкіндігі бірдей болмаған кезде, іріктемелік статистика шынайы параметрден айтарлықтай алшақтап кетуі мүмкін.

Іріктемелік статистика мен параметр арасындағы айырмашылық өте маңызды. Келесі тарауларда бұл айырмашылықты нақтылап, кеңейтеміз, ал әзірге белгілерді келісіп алайық. Формалды түрде статистикалар латын әріптерімен белгіленеді: мысалы, іріктемелік орташа \(\overline{x}\), ал іріктемелік үлес \(\hat{p}\) болады. Ал бас жиынтық параметрлері үшін грек әріптері қолданылады, мысалы, бас жиынтықтағы орташа мән \(\mu_{x}\).

Енді өте маңызды ойға көшейік, әрі келесі тарауларға шағын кіріспе жасайық. Ойша эксперимент жасап көрейік: жаңа іріктеме алып, оның орташа мәнін есептейміз. Ол жаңа мән болуы мүмкін бе? Иә, көбіне солай — себебі іріктеме кездейсоқ құралады, оған басқа бақылаулар түседі, сондықтан орташа мән де өзгеріп отырады. Егер тағы бір іріктеме алып, одан кейін тағы біреуін алып, осы үдерісті шексіз қайталасақ, іріктемелік статистика белгілі бір аралықта өзгеріп отыратынын көреміз. Іріктеме қайталанған сайын мәні өзгеріп отыратын мұндай шамалар кездейсоқ айнымалы (random variables) деп аталады. Мысалы, іріктемелік орташа \(\overline{x}\) — кездейсоқ айнымалы: ол әртүрлі іріктемеде әртүрлі мән алады. Сол сияқты іріктемелік үлес және іріктеме негізінде есептелетін көптеген басқа көрсеткіштер де кездейсоқ айнымалыларға жатады.

Ал популяция параметрі — константа: шынайы орташа мән өзгермейді. Ол бізге белгісіз, бірақ егер барлық бақылауға қол жеткізе алсақ, оны есептеп шығаруға болар еді. Ең маңызды идея — іріктемелік статистика популяция параметрін шамамен бағалайды.

Жаттығу

Әлеуметтік сауалнамада қазақстандықтардан күніне әлеуметтік желілерде қанша уақыт өткізетіні сұралды. 1000 ересек адамнан алынған іріктеме бойынша орташа көрсеткіш 2,5 сағат болды..

а) бақылау, б) айнымалы, в) іріктемелік статистика және г) популяция параметрі не екенін анықтаңыз.

  1. Қазақстандық

  2. Сауалнамаға қатысқан 1000 адамның әлеуметтік желілерде өткізетін орташа уақыты

  3. 2.5 сағат

  4. Барлық ересек қазақстандықтардың демалысқа бөлетін орташа уақыты


  1. The Literary Digest журналы туралы айта кету керек: ол мұндай сауалнамаларды 1916 жылдан бері жүргізіп келген және 1936 жылғы сол шешуші оқиғаға дейін өз болжамдарында қателік жібермеген.↩︎

  2. PEVERILL SQUIRE, WHY THE 1936 LITERARY DIGEST POLL FAILED, Public Opinion Quarterly, Volume 52, Issue 1, SPRING 1988, Pages 125–133, https://doi.org/10.1086/269085↩︎