1  Деректер.

Деректер

Статистика деректерді талдайды. Ал деректер дегеніміз не? Бұл – қолданылу аясына қарай әртүрлі мағына беретін кең ұғым. Статистикада data (яғни деректер) ұғымын деректер нүктелерінің жиынтығы ретінде қарастыруға болады. (datum – латын тілінде “нүкте”). Мұндағы бақылау бірлігі деп зерттелетін біртекті нысандардың әрқайсысы аталады. Мысалы, олар адамдар, аудиожазбалар немесе қан үлгілері болуы мүмкін. Демек, деректер – ортақ белгілері бойынша біріктірілген және бір зерттеу аясында қарастырылатын біртекті нысандар туралы мәліметтер жиынтығы.

Практикалық тұрғыдан алғанда, деректер — белгілі бір құрылымы бар кесте түрінде ұсынылатын кез келген ақпарат. Мұндай кестелер матрица немесе деректер кестесі деп аталады. Статистикалық әдістердің басым көпшілігі дәл осындай форматтағы деректермен жұмыс істеуге негізделген.

mpg cyl disp hp drat wt qsec vs am gear carb
Mazda RX4 21.0 6 160.0 110 3.90 2.620 16.46 0 1 4 4
Mazda RX4 Wag 21.0 6 160.0 110 3.90 2.875 17.02 0 1 4 4
Datsun 710 22.8 4 108.0 93 3.85 2.320 18.61 1 1 4 1
Hornet 4 Drive 21.4 6 258.0 110 3.08 3.215 19.44 1 0 3 1
Hornet Sportabout 18.7 8 360.0 175 3.15 3.440 17.02 0 0 3 2
Valiant 18.1 6 225.0 105 2.76 3.460 20.22 1 0 3 1
Duster 360 14.3 8 360.0 245 3.21 3.570 15.84 0 0 3 4
Merc 240D 24.4 4 146.7 62 3.69 3.190 20.00 1 0 4 2
Merc 230 22.8 4 140.8 95 3.92 3.150 22.90 1 0 4 2
Merc 280 19.2 6 167.6 123 3.92 3.440 18.30 1 0 4 4

Жоғарыдағы кестеде 70-жылдары шығарылған автомобиль модельдері туралы деректер берілген. Әр жол бір бақылауға (яғни бір көлікке), ал әр баған — айнымалыға (яғни көліктің сипаттамасына) сәйкес келетінін байқауға болады. Біз бұл ұғымдарға әлі нақты анықтама берген жоқпыз, бірақ атауларының өзінен олардың мәнін аңғаруға болады.

Ескертпе

бақылаулар — деректер кестесіндегі жолдарға сәйкес келеді.

Бақылау (observation) — талдау бірлігі, яғни деректер жиынындағы жеке дерек. Әлеуметтік зерттеулерде бақылау ретінде адам, дүкендегі сатып алу немесе зерттеушіні қызықтыратын кез келген нысан қарастырылуы мүмкін.

Ескертпе

айнымалылар - бақылаудан бақылауға қарай өзгеріп отыратын сипаттамалар.

Айнымалы — бақылаудан бақылауға қарай өзгеретін сипаттама. Мысалы,

  • студенттің мамандығы
  • тест бағасы
  • сатып алу уақыты

Енді айнымалылар туралы қысқаша тоқталайық. Олар екі негізгі түрге бөлінеді: сандық мәнмен өлшенетіндер (мысалы, адамның бойы) және санаттар арқылы сипатталатындар (мысалы, көздің түсі). Осы екі түрді ажырата білу маңызды. Олар сандық және санаттық айнымалылар деп аталады.

Сандық айнымалылар

Ескертпе

сандық айнымалылардың ерекшелігі — олармен арифметикалық амалдар орындауға болады (қосу, көбейту, бөлу және т.б.).

Сандарға тереңірек үңілсек, олардың табиғаты әртүрлі болатынын байқаймыз. Кейбір сандар белгілі бір аралықты үздіксіз түрде толтырып тұратындай көрінеді. Мысалы, нөл мен бірдің арасында \(0.5\) немесе \(1/\sqrt{2}\). Белгілі бір аралықта кез келген мәнді қабылдай алатын айнымалылар үздіксіз (continuous) деп аталады. Үздіксіз айнымалыларды шексіз дәлдікке ие деп айтуға болады, яғни теория жүзінде біз әрқашан одан да нақтырақ мән таба аламыз. Мысалы, әдетте бойды бүтін сантиметрге дейін дөңгелектейміз, бірақ шын мәнінде егер соған сай өлшеу құралы болса оны миллиметрге, микрометрге, тіпті нанометрге дейін өлшеуге болады.

Ескертпе

Үздіксіз (continuous) айнымалылар белгілі бір аралықта кез келген мәнді қабылдай алады. Мысалы: бой, салмақ, қан қысымы.

Оқулықтың басты мақсаттарының бірі — математикалық тілді оқуға үйрету, өйткені ол ойды қысқа әрі нақты жеткізуге мүмкіндік береді. Кең қолданылатын көптеген математикалық ұғымдардың өзіне тән арнайы таңбалары бар. Мысалы, \(R\) таңбасы нақты сандар жиынын белгілеу үшін қолданылады. “Нақты сандар” дегеніміз күнделікті өмірде қолданылатын кәдімгі сандар, яғни ерекше немесе абстрактілі емес сандар. Тіпті \(R\) - аңбасының өзі де ағылшын тіліндегі Real сөзінің бас әрпінен алынған. Ағылшын тіліндегі математикалық дәстүрде осы сөз арқылы “кәдімгі” сандарды (Real numbers) белгілейді.

Көбіне \(X \in R\) түріндегі жазуды қолданамыз. Мұны “\(X\) айнымалысы кез келген нақты мәнді қабылдай алады” деп түсінуге болады.

Екінші жағынан, кейбір айнымалылар тек белгілі бір мәндерді ғана қабылдайды. Мысалы, адамның туыстарының саны тек оң бүтін санмен беріледі, ал аяқ киім өлшемі әдетте \(0.5\) — қадаммен өзгереді — яғни аяқ киім өлшемі \(37.5\), болуы мүмкін, бірақ \(37.78\) болмайды. Осындай айнымалылар дискретті айнымалылар деп аталады 1.

Санаттық айнымалылар

Санаттық айнымалылар шектеулі санаттар немесе деңгейлер жиынынан мән қабылдайды. Мысалы, адамның көз түсі, стейктің қуырылу деңгейі, қан тобы. Алайда осы шағын тізімнің өзінен-ақ олардың ішкі түрлерін байқауға болады. Көз түстерін — қоңыр, көк, жасыл — белгілі бір ретпен орналастыру мүмкін емес. Олар бір-бірімен тең дәрежеде қарастырылады: қоңыр түсті көктің алдына қоюға да болады, бірақ бұл кез келген басқа реттіліктен түбегейлі ерекшеленбейді. Ал стейктің қуырылу дәрежелерін белгілі бір ретпен орналастыруға болады: rare-medium -well-done.

Санаттық айнымалылар әдетте номиналды (яғни ішкі иерархиясы жоқ, тек атаулардан тұратын) және реттік (категорияларының арасында белгілі бір ішкі тәртіп бар) болып бөлінеді. Мұндай ажырату маңызды, өйткені санаттардың реті деректерден көбірек ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Төмендегі сызба айнымалылардың жалпы жіктелуін көрсетеді. Бұл — жалғыз мүмкін жіктеу тәсілі емес, алайда тәжірибеде және статистикаға арналған кіріспе курстарда жиі қолданылатын нұсқалардың бірі. Айнымалыларды тереңірек түсіну математикалық формализмді қажет етеді, сондықтан оған курсымыздың кейінгі бөлімдерінде тоқталамыз.

Сандардың бәрі бірдей сандық мағына бермейді

Мұқият болыңыз: айнымалы сан арқылы берілгенімен, бұл оны міндетті түрде сандық айнымалы етпейді. Мысалы, IELTS тестінің бағасы 1 мен 9 аралығындағы санмен көрсетіледі, бірақ ол шын мәнінде сандық айнымалы емес. Бұл — сандық айнымалыға ұқсап тұрған санаттық (реттік) айнымалы.

“Бұл шынымен сан ба?” дегенді тексерудің қарапайым тәсілі бар. Айнымалының мәндерін қосып немесе азайтып көріңіз. Егер шыққан нәтиже мағыналы болса, онда бұл, бәлкім, нағыз сандық айнымалы. Ал егер нәтиженің мағынасы болмаса — ол сан түрінде берілгенімен, шын мәнінде санаттық айнымалы. Мысалы, бір адам IELTS-тен \(1\), ал екіншісі \(9\), балл алды делік. Екеуін қосқанда, олар ағылшын тілін \(10\) балл деңгейінде біледі деуге бола ма? Әрине, болмайды. Демек, IELTS балы — нағыз сандық шама емес.

Жаттығулар

Айнымалының сипаттамасын оның түрімен сәйкестендіріңіз

Қаңтар айындағы Астанада тіркелген неке саны.

Жауап

Сандық дискретті

Кездейсоқ таңдалған Қазақстан тұрғынының бойы.

Жауап

Сандық үздіксіз

Кездейсоқ таңдалған Қазақстан тұрғынының қан тобы.

Жауап

Санаттық номиналды

Мектеп диктантының 1–5 шкаласы бойынша бағасы

Жауап

Санаттық реттік

Есеп

Зерттеушілер 5 пен 15 жас аралығындағы 160 балаға эксперимент жүргізді; балалардың жасы мен жынысы да бақыланды. Әр бала тиынды лақтырып, нәтижесін (ақ немесе қара) жазды. “Ақ” түскен балаларға шағын сыйлық берілді. Оқушылардың жартысына “шындықты айту қажет” деген тікелей нұсқау берілді, ал екінші жартысына ешқандай нұсқау берілмеді. Бақылау тобында ұлдар мен қыздар бірдей жиілікпен өтірік айтқан. Эксперименттік топта қыздар аз өтірік айтқан, ал ұлдарда өтірік айту жиілігі жасқа байланысты өзгермеген, керісінше қыздарда жас ұлғайған сайын өтірік айту жиілігі азайған(OpenIntro Statistics 2018:19)

  1. Негізгі зерттеу сұрағын тұжырымдаңыз?
  2. Бақылау деген не? Қанша бақылау тіркелген?
  3. Айнымалыларды және олардың түрлерін жазыңыз?

Жауаптар:

  1. Мысалы, “өтірік айтпау” деген тікелей ескертудің 5–15 жас аралығындағы балалардың өтірік айтуына қалай әсер ететіні.
  2. 5 пен 15 жас аралығындағы бала; 160 бақылау.
  3. Жынысы: номиналды (ұл, қыз); Жасы: сандық дискретті; Өтірік айтпау туралы нұсқау алды ма: номиналды (иә немесе жоқ); Өтірік айтты ма, айтпады ма: номиналды; Отбасындағы жалғыз бала: номиналды

Индикаторлар

Кейбір санаттық айнымалылар тек екі мән ғана қабылдайды, олардың бірі белгілі бір жағдайдың бар екенін немесе қандай да бір шарттың орындалғанын білдіреді. Жоғарыдағы есепте мұндай айнымалының мысалы ретінде «отбасындағы жалғыз бала» айнымалысы келтірілген. Мұндай айнымалыларды индикаторлар деп атайды, өйткені олар белгілі бір шарттың орындалуын көрсетеді: студент сабаққа қатысты ма (иә немесе жоқ), сізде ит бар ма (бар немесе жоқ) және т.б. Ыңғайлы болу үшін индикаторларды келесі түрде белгілейміз: I(шарт), мұнда шарт орындалса айнымалы \(1\) мәнін, орындалмаса \(0\) мәнін қабылдайды. Мысалы, I(темекі шегуші) болса: \(1\) темекі шегетін адамды, ал 0 - темекі шекпейтін адамды білдіреді.

Статистикалық байланыс

Статистиканың негізгі мақсаттарының бірі — айнымалылар арасындағы байланысты анықтау. Статистикалық байланысты әртүрлі тәсілмен сипаттауға болады, бірақ әзірге біз жалпы анықтамамен шектелеміз, оны кейінірек нақтылаймыз.

Егер бір айнымалының мәні арқылы екіншісінің мәні туралы болжам жасауға болса, онда бұл екі айнымалы статистикалық байланысты (немесе өзара тәуелді) деп есептеледі. Бұл анықтама сәл түсініксіз көрінуі мүмкін, әсіресе “болжам жасау” дегеннің нақты шекарасы анық емес. Сондықтан оны мысал арқылы түсіндіріп көрейік.

Кездейсоқ таңдалған адамның бойы қандай болады? Яғни оның бойын қандай аралықта күтуге болады? Адам бойы әртүрлі болады. Егер ешқандай қосымша шарт қоймасақ, оның мәні едәуір кең аралықта өзгеруі мүмкін. Сондықтан кездейсоқ таңдалған адамның бойын дәл болжау қиын.

Енді сізге бұл адамның жай ғана кездейсоқ таңдалған адам емес, баскетболшы екені белгілі болды делік. Оның нақты бойын әлі де білмейміз, бірақ бұл мәліметтің өзі бойын шамалауды жеңілдетеді. Себебі баскетболшылардың көпшілігінің бойы ұзын болады. Яғни адамның баскетболшы екені туралы ақпарат оның бойы жөнінде дәлірек жорамал жасауға мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, бір айнымалы жөніндегі мәлімет екінші айнымалыны болжауды жеңілдетеді. Есте сақтайтын маңызды жайт — қосымша ақпарат белгісіздікті азайтады. Кейінгі тарауларда бұл ұғымға қайта ораламыз.

Тағы қандай терминдер қажет болуы мүмкін? Практикалық тұрғыдан алғанда, барлық айнымалылар бірдей маңызға ие бола бермейді. Көбіне зерттеушінің назары бір айнымалыға бағытталады. Мысалы, студенттің оқу үлгерімі. Ал осы үлгерімдегі айырмашылықтарды түсіндіру үшін басқа айнымалылар қарастырылады, мысалы, студенттің спортпен айналысуы.

Түсіндіргіміз келетін айнымалыны ғылыми әдебиетте әдетте тәуелді айнымалы (dependent variable) немесе нәтижелік айнымалы (response variable) деп атайды. Ал сол айнымалыны түсіндіру үшін қолданылатын айнымалылар тәуелсіз айнымалылар (independent variables) немесе түсіндіруші айнымалылар (explanatory variables) деп аталады. Бұл атаулардың екі нұсқасы да кеңінен қолданылады. Ең бастысы — бір терминдер жүйесін таңдап, оны бүкіл мәтін бойы бірізді пайдалану.

Айта кету керек, түсіндіруші айнымалылар бірнешеу болуы мүмкін. Мысалы, адамның бойына көптеген факторлар әсер етеді, ал баскетболмен айналысу — солардың бірі ғана. Бір айнымалының бірнеше басқа айнымалыларға тәуелді екенін қысқаша көрсету үшін келесі жазбаны қолданамыз:

  • Тәуелді айнымалы ~ Айнымалы 1 + Айнымалы 3 + …

Мысалы,

Бойы ~ I(NBA ойыншысы) + Салмағы

Мұны былай түсінуге болады: “Адамның бойы оның NBA ойыншысы болуына және салмағына байланысты (солар арқылы түсіндіріледі)”.

Мүмкін, бойдың NBA-да ойнауға байланысты деген тұжырым біртүрлі көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, бойдың кәсіби спортқа тәуелді деуге бола ма? Керісінше, көбіне ұзын бойлы адамдардың баскетболда мансап құру ықтималдығы жоғары.

Мұнда ең маңыздысы — статистикалық модельдер әрдайым нақты өмірдегі құбылыстарды дәл бейнелей бермейтінін түсіну. Статистикалық бағдарламалар кез келген модельді есептей алады, алайда оның қаншалықты орынды әрі сенімді екені деректердің қалай жиналғанын және қандай үдерістердің нәтижесінде қалыптасқанын дұрыс түсінуге байланысты. Сондықтан модельдің сапасын бағалауда зерттеушінің пәндік білімі мен зерттеу нысанын терең түсінуі шешуші рөл атқарады.

Бұл “деректер өздері-ақ бәрін айтып береді” деген секілді кең таралған сөздердің ғылыми тұрғыдан үстірт көзқарасты білдіретінін көрсетеді. Өйткені деректерді қалағаныңша талдап, жеткілікті түрде бұрмалап түсіндірсең, олардан өзіңе керек кез келген қорытындыны табуға болады.

Мысалы: Gapminder

Айнымалылар арасындағы байланысты бағалауды мысал арқылы қарастырып көрейік. Біз әлем елдері туралы деректер жиынтығымен жұмыс істейміз. Онда әртүрлі экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштер қамтылған 2. Деректер кестесі шамамен мынадай түрде берілген:

country continent year lifeExp pop gdpPercap
Afghanistan Asia 1952 28.801 8425333 779.4453
Afghanistan Asia 1957 30.332 9240934 820.8530
Afghanistan Asia 1962 31.997 10267083 853.1007
Afghanistan Asia 1967 34.020 11537966 836.1971
Afghanistan Asia 1972 36.088 13079460 739.9811

Деректер жиынтығында 1704 бақылау және 6 айнымалы бар:

  • country: номиналды, 142 деңгей (елдер)
  • continent: номиналды, 5 деңгей (құрлықтар)
  • year: сандық дискретті, 1952–2007, әр 4 жыл сайын.
  • lifeExp: сандық үздіксіз, орташа өмір сүру ұзақтығы (жыл)
  • pop: сандық дискретті, халық саны
  • gdpPercap: үздіксіз, халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ

Екі сандық айнымалыны таңдап, олардың бірлескен таралуын мектепте салатын кәдімгі XY-график түрінде қарастырайық. Мұндай графиктер шашырау диаграммасы (scatterplot) деп аталады. Төмендегі графикте 2007 жылы әлем елдері бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ мен орташа өмір сүру ұзақтығы көрсетілген.

Бұл айнымалылар арасындағы байланыс туралы не айтуға болады? Техникалық тұрғыдан бұл графикті былай деп атауға болады:

  • Өмір сүру ұзақтығы (тәуелді) ~ Жан басына шаққандағы ЖІӨ (тәуелсіз)

Одан әрі байланыстың оң екенін байқауға болады: жан басына шаққандағы ЖІӨ неғұрлым жоғары болса, өмір сүру ұзақтығы да соғұрлым жоғары болады. Сондай-ақ бұл байланыстың сызықтық емес екенін де көруге болады. Табысы төмен елдерде жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің салыстырмалы түрде аз ғана өсуі өмір сүру ұзақтығының айтарлықтай артуымен байланысты. Алайда белгілі бір деңгейден кейін өмір сүру ұзақтығының өсуі баяулайды, өйткені адамның жасына табиғи шек бар. Соңында, іріктемеде ауытқыма мәндер (outliers) де кездеседі. Бұлар — жалпы заңдылыққа сәйкес келмейтіндей болып көрінетін бақылаулар.


  1. Ағылшын тіліндегі discrete сын есімін “жекеленген” немесе “бөлек” деп аударуға болады. Кейде дискретті айнымалыларды қате түрде тек бүтін сандармен байланыстырады. Алайда аяқ киім өлшемі туралы мысал дискреттіліктің бұдан кеңірек ұғым екенін көрсетеді.↩︎

  2. Бұл — швед статистигі Hans Rosling құрастырған кеңінен танымал Gapminder деректер жиынтығы. “Gapminder” атауы ағылшын тіліндегі gap (“алшақтық”) және reminder (“еске салу”) сөздерінің бірігуінен жасалған болуы мүмкін. Осы атау арқылы Рослинг әлемдегі экономикалық теңсіздік мәселесіне назар аударуға тырысқан.↩︎